Бүгін Ертіс өзенінде алғашқы мұз жару жұмыстары жүргізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін Ертіс өзенінде алғашқы мұз жару жұмыстары жүргізілді

29.03.2018

Жарылыстың қатты болғаны соншалық, жағалауға жақын орналасқан бірнеше үйдің терезесі сынып, тұрғындардың зәресін ұшырды. Суы күрт молайған Ертістің ағысын реттеуге әрекет жасалғанымен, су алу қаупі сейілер емес. Өзен арнасынан асып Пристань ауданының бірқатар үйлерін су басқан. Тұрғындар қауіпсіз жерлерге көшірілген. Адамдардың көбі жұмыста болғандықтан, үйлеріне маңайлай алмады. Кейбірінің қораларында малдары қамаулы қалды. Ал, түс ауа Ертістің сол жағалауындағы халық тығыз орналасқан Бобровка саяжайын да су алды.

Ерлан Түсіпов, қала тұрғыны:

- Су басу 20 жылда бірінші рет болып тұр. Түс кезінде су кіріп кетті. Судың тереңдігі 2 метрден асып кетті. Үйдің бәрі қалды. Ештеңе алып үлгермедік. Халықтың мұңын өздеріңіз көріп тұрған шығарсыздар.

Берік Түсіпов, қала әкімінің Төтенше жағдайлар жөніндегі көмекшісі:

- Бұл жарылыс жұмысы бір жағынан жұмысымызды шешкенімен, екінші жағынан кері әсерін әкелуі мүмкін. Мұздың қалыңдығы биыл 1-1,5 метр. Кейбір жерлерде мұз жерге дейін қатып жатыр. Астынан су өтіп жатқан жоқ. Оны қалай жарамыз. Ол қауіпті жағдайға әкелуі мүмкін. Сондықтан, дәл бүгін жасау керек деп, сараптама жасап, ұжымдық шешіммен жасап отырмыз.

Қызылорда облысы Қазалы ауданының Абай ауылы тұсында да Сырдария өзенінде мұз кептеліп, қорғаныс бөгетін 3 жерден жырып кетті. 

«Шағала» лагерінің аумағын су алды. Лагерь жазғы уақытта ғана жұмыс істейтіндіктен, ол жерде ешкім болмаған, зардап шеккендер жоқ. Қазір су деңгейін төмендету және қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру үшін Басықара су торабының қақпағы жабылды, мұз жару жұмыстары жүруде. Сондай-ақ, қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Қазалы ауданына қарасты Сарыкөл, Өркендеу, Арықбалық, Көларық және Майдакөл ауылдарын су басу қаупі бар.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу