ШҚО-да тасқын қаупі сейілген жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да тасқын қаупі сейілген жоқ

29.03.2018

Шығыс Қазақстанда тасқын қаупі сейілген жоқ. Зырян ауданы қазірдің өзінде еріген қар суымен арпалысуда. Ал, бір аптадан соң Катон-Қарағай ауданы да тасқыннан зардап шегуі ғажап емес.

Бұл туралы облыстың бірнеше ауданындағы жағдайды тікұшақпен көріп шыққан Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин жеткізді. Таулы аймақтардағы елді мекендерді қарғын судан қорғау үшін қазір тиісті шаралар қолданылуда. Осы аптаның басында Глубокое және Шемонаиха ауданында бірнеше ауыл су астында қалған еді. Юрий Ильиннің айтуынша, кей жерлерде жағдай әлі де күрделі. Тасқынның қарқын алуына байланысты облыс бойынша табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялануы мүмкін.

Юрий Ильин, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

- Бүгінде Шемонаиха ауданында жағдай біраз реттелді. Ал, Глубокое ауданында жаңбыр жаумаса, 2-3 күннен соң жақсарады деп отырмыз. Қазір Зырян және Катон-Қарағай аудандарын қадағалау керек. Бұл жақта әлі қардың қоры мол. Былтырғыдай көп болмаса да, қардың негізгі бөлігі енді ери бастайды.

 

Айдана ДАЙЫРОВА

Хабарламаларға жазылу