Отандастарымыз Кемеровода опат болған құрбандарды еске алуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандастарымыз Кемеровода опат болған құрбандарды еске алуда

28.03.2018

Кемероводағы қазалы қайғыға қазақстандықтар да ортақ. Үш күннен бері отандастарымыз опат болған құрбандарды еске алуда. Еліміздегі барлық қалалармен қоса, аудан орталықтарында марқұмдардың рухына дұға бағышталып, тағзым етілді. Жерлестеріміз осындай шара арқылы қайтыс болғандардың туған-туыстарына көңіл айтып, қолдау танытпақ ниетте.

Тілекші боп келген тұрғындардың санында шек жоқ. Жиналғандар елордадағы Ресей елшілігінің кіреберісіне гүл шоқтарын қойып, әуеге шарлар ұшырды. Балауыз шамдар жағып, марқұмдарды 1 минут үнсіздікпен еске алды.

Алаңсыз жүріп, оттың ортасында опат болғандардың 70 пайызы - бала. Қыршыннан қиылған 41 бүлдіршіннің қазасы қазақстандықтарға да оңай соқпады. Алаңға жиналған жанашыр жандардың жанарлары жасқа толып,  Ресей халқына қайғыра көңіл айтты.

Гүлнәр Құмарбекқызы, қала тұрғыны:

- Қазақстандықтар бүкіл ресейліктерге қайғырып көңіл айтамыз. Мұндай қайғы енді қайталанбасын. Ресейліктер, қазақстандықтар сіздермен бірге.

Қаралы хабар өзге аймақтардың да халқын бейжай қалдырмады. Еліміздегі қалалар мен облыс орталықтары, тіпті аудандардың өзінде тұрғындар бақилық болғандардың рухына тағзым етті. Үш күннен бері Ресей елшілігіне келген халықтың саны толассыз, тіпті алыс аймақтардан телефон арқылы көңіл айтып жатқандар да бар екен.

Алексей Бородавкин, Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

- Бұл жақындарын жоғалтқан ресейліктер үшін ауыр қайғы болды. Суыт хабар кім-кімге де оңай тиген жоқ. Осындай қиын сәтте жанашырлық білдіріп жатқан қазақстандықтарға алғыс айтамыз. Бұл біздің ежелден келе жатқан достығымыздың, сыйластығымыздың белгісі.

Үлкендер ғана емес, алаңға жиналған балғындардың да жанарлары мұңлы. Қайғылы жағдайдың қасіретін сезінсе керек, періште тілектерін жеткізді.

 

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу