Бақытжан Сағынтаев сауда орталықтарында өрт қауіпсіздігін тексеруді тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бақытжан Сағынтаев сауда орталықтарында өрт қауіпсіздігін тексеруді тапсырды

27.03.2018

Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев сауда орталықтарында өрт қауіпсіздігін тексеруді тапсырды. «Біз Кемеровадағы төтенше оқиғадан сабақ алуымыз керек», - деді Үкімет басшысы. Тексеру шараларына Ішкі істер министрлігі мен өртке қарсы қызмет, әкімдіктер тиісті атсалысуы керек. Отырыстан кейін тілшілерге сұхбат берген Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер «Биыл еліміздегі 1150-ге тарта сауда орталығының барлығы тексерілетінін» мәлімдеді. Барлық сауда орны қатаң бақылауға алынбақ. Сондай-ақ, оқу орындары, зообақтар, бизнес орталықтары, қонақүйлер, ұлттық саябақтардағы өрт қауіпсіздігі күшейтіледі. Соның ішінде Астанада 50 нысанның қауіпсіздігі тексерілмек.

Владимир Беккер, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы:

- Біз Ұлттық экономика министрлігіне тексерістерді қатаңдату туралы бірнеше ұсыныс дайындадық. Әйтпесе, жоспарлы тексеріс дегеннің не екенін білесіздер ғой. Біз кәсіпкерлерге бір ай бұрын «сізді тексеруге барамыз» деп ескертіп қоямыз. Олар сол уақытта дайындалып, есіктерді ашып, керек-жарағын алып қояды. Біздің міндет – бизнес қожайындарының жауапкершілігін арттыру. Бірінші кезекте нысанның қауіпсіздігіне мемлекеттік инспектор емес, ғимарат иесі мүдделі болуы керек.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу