ШҚО-да еріген қар суынан қорғанып, тиісті жұмыстар атқаратын арнайы техника жеткіліксіз
Шығыс Қазақстан облысында еріген қар суынан қорғанып, тиісті жұмыстарды атқару үшін қажетті техника мен құрал-саймандар жеткіліксіз. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық отырысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметов мәлімдеді. Бір ғана мысал, норма бойынша облыста жол талғамайтын 55 арнайы көлік болуы керек. Мұның қазір біреуі де жоқ. Бұл қалай деген сауалға Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары жауап бере алмады. Әзірге Шығыс Қазақстандағы су тасқынына қарсы тұру үшін өзге аймақтардан тартылған қосымша көмек демеу болып тұр.
Қазір Шығыс Қазақстан облысындағы жағдай қиын. Аягөз, Глубокое, Шемонаиха ауданында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған. Жүздеген үй су астында қалды. Бастысы - адам шығыны жоқ. Бірақ, осындай жағдайға қарсы тұру және құтқару жұмыстарын жүргізу үшін қажетті құрал-сайман мен техника жетіспейді. «Ашынғанда шығады ащы дауысың» демекші, аймақ басшысы Даниял Ахметов Төтенше жағдайлар департаментінде болуы тиіс жабдықтардың жай-күйін Үкімет отырысында баяндады.
Осы жағдайға жауапты Ішкі істер министрлігі нормаға сай қажетті техникалар туралы бүгінгі баяндамасына жазып келмегенін айтты.
Дегенмен, республика бойынша жағдай мәз емес. Қажетті құрал-жабдық жарым жартылай күйде. Түгел қамтамасыз ету үшін 30 млрд. теңгедей қаржы керек екен.
Владимир Беккер, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы:
- Біз осы қажеттіліктер үшін республикалық бюджеттен 30 млрд. теңге сұраттық. Экономикалық және қаржылық дағдарыстарға байланысты кейінге қалып келді. Бірақ, бұл мәселені үнемі көтеріп келеміз.
Ал, республикалық бюджеттің есепшотын қағып отырған Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов бұл мәселеге жүре жауап берді.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:
- Ол жергілікті бюджеттің лауазымы. Жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражат содан қаралуы керек.
Барлық ауыртпалықты жергілікті бюджет көтере алмайды. Оны Қаржы министрі бізден жақсы біледі. Соған қарамастан Шығыс Қазақстанда жергілікті бюджеттен шамамен 500 млн. теңге бөлінген. Аймақ басшысы бұл қиындықтан алдағы бір ай ішінде шығатынын және ешкімнің далада қалмайтынын жеткізді.
Ғабит ҰЗАҚБАЙ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы