Басты Жаңалықтар Қостанай облысында төрт сотталушы органикалық сұйықтықтан уланып, көз жұмды

Қостанай облысында төрт сотталушы органикалық сұйықтықтан уланып, көз жұмды

Төтенше оқиға 20 наурызда Құсмұрын ауылындағы УК-161/4 мекемесінде болды. Кешкі уақытта бір топ сотталушылар колонияның өнеркәсіптік бөлімінде спирттік негіздегі химиялық өнімді ішіп, бірер уақыттан соң өздерін жайсыз сезінген. Сөйтіп, дереу түрде жедел жәрдеммен Әулиекөл аудандық ауруханасына жеткізілді. Өндірісте ғана пайдаланылатын сұйықтан уланған төртеуін құтқарып қалу мүмкін болмады. Тағы 4 сотталушы бүгін жансақтау бөлімінен шығарылып, арнайы палатаға көшірілді.

Құсмұрында қазір ақпараттық қызмет телефоны жұмыс істеп тұр. Осы а рқылы сотталғандардың туыстары олардың жай-күйі туралы мәлімет ала алады. Сотталушылардың қайтыс болу фактісі бірыңғай тергеу реестріне тіркелді. Аталмыш мекемеде бүгінде 700-ге жуық адам жазасын өтеуде.    

Дәмір Махметов,  УК-161/4 мекемесі тәрбие жұмысы бөлімінің бастығы:

- Аталған факт бойынша тексеріс басталды. Қостанай облысы Әулиекөл ауданы ішкі істер бөлімінде тергеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, қылмыстық-атқару жүйесі комитетімен қызметтік тергеу басталды. Нәтижесі белгілі болған соң, кінәлі тұлғалар тиісті жазаларын алады.   

Данияр СҰЛТАНҰЛЫ

Бөлісу