Оралда қант диабетіне шалдыққан балаларға мемлекет есебінен тегін берілетін инсулин тапшы. Амалы таусылған ата-аналар өзге қалалардан тапсырыспен алдыртуға мәжбүр болып отыр. Оның үстіне, дәрі бағасы шарықтап тұр. Тиісінше, сатып алуға бәрінің бірдей қалтасы көтере бермейді.
Жанар Тастенованың тұңғышы екі жылдан бері қант диабетімен ауырады. Содан бері, қаршадай қыздың өмірі инсулинге тәуелді. Алайда, келіншек 4 айдан бері сол тегін дәріге қол жеткізе алмай отыр. Ал, сатып алайын десе, дәріханаларда атымен жоқ. Қолынан келер қайран жоқ ана қаржы шығындап, өзге қалалардан тапсырыс беріп, алдыртуға мәжбүр.
Жанар Тастенова, қала тұрғыны:
- Инсулині жоқ, тест жолақшалары жоқ. Күніне 5-6 рет өлшейміз. 1 тест жолақшасы 3,5 мың теңге тұрады. 1 қорапшасы бір жұмаға да жетпейді.
Жанар сияқты әр таңын үреймен атыратын ата-аналар ауадай қажет дәріні бір-бірінен сұрап амалдауда. Шарасыздықтан кейбірі ауылдық жерден қалаға әдейі көшіп келіпті.
Ахмет Хатин, қала тұрғыны:
- Қалаға көшіп келдік. Дәрі жоқ, ауруханаға жатасыңдар дейді. Өздері укол шығарып ексе, бір жөн. Ол өзімізден шығарып, егілетін нәрсе ғой.
Осылай деп уәж айтқан ата-аналарды бұл жолы ешкім тоқтата алмады. «Күнде ертең» деп құр уәдемен тойдырып келген Денсаулық сақтау басқармасына баса-көктеп кірді.
Ал, жауаптылар «Инсулинге тапшылық жоқ, бұл мәселе жуық арада шешіледі», - деп отыр.
Руслан Айдарханов, БҚО Денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:
- Дәрі-дәрімекті беру жүйесі өзгерді. Соған байланысты қиындықтар туындап отыр. Инсулин бар. Мүмкін емханалар дұрыс жұмыс жүргізбеген болар. Анықтаймыз. Барлығын дәрі-дәрімекпен қамтамсыз етеміз.
Бүгінде Батыс Қазақстанда 75 бала қатерлі дертке шалдыққан. Оның 57-і үздіксіз теріасты инфузиясын қабылдайды. Ал, ашуға булыққан ата-аналар бұдан да нәтиже шықпаса, сотқа жүгінеміз деп бекініп отыр.
Назерке ТОҒЖАН