Алматыдағы Наурыз тойына шетелдік меймандар да қатысты
Алматы жұртшылығы бүгін таңмен таласа оянып, әз-Наурыз мейрамын тойлауға асықты. Қаланың әр бұрышында орналасқан «Алматы арена», «Астана» алаңы, Панфилов-Жібек жолы көшелері бойында мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Салтанатты жиындарға жергілікті тұрғындармен қатар, еліміздің әр өңірінен келген қонақтар да белсене қатысты. Олардың арасында шетелдік меймандар да болды.
Ару қала Алматыда жыл сайын дүбірлеп өтетін Наурыз думаны әркімді елең еткізетіні рас. Оған дәлел, еліміздің әр өңірінен асыға жеткен меймандар. Биыл да мерекені тамашалау үшін қалаға қыдырып келген адамдар саны аз емес.
Мереке Амангелдіқызы, Атырау қаласының тұрғыны:
- Бірінші рет Атыраудан келіп Наурызды тойлап жатырмыз. Алматыда Наурыз жақсы өтіп жатыр.
Құт-береке, несібе-ырзық ала келетін Ұлық мерекеге өнер адамдары да атсалысты. Олар сүрленген ет, шұжық, қазы-қартадан дәмі тіл үйіретін ұлттық асты дайындап, көпшілікке үлестірді.
Дана Темірсұлтанова, актриса:
- Біз өз қолымызбен Наурыз көже дайындадық. Өте дәмді болды. Баяғыда әжелеріміз Наурыз көжені жыл көжесі деп айтушы еді.
Дархан да, дана еліміздің қонақжайлылығы шетелден келген әр мейманның таңдайын қақтырды. Олар Қазақстанның табиғи сұлулығына тәнті болып қана қоймай, ұлттық құндылықтары мен мәдениетіне шынайы қанығып, сүйсінгендерін жеткізді.
Майкл Дюдо, турист:
- Мен Қазақстанға, Алматыға арнайы ұшып келдім. Осы елде Наурыздың қалай тойланатынын көруді көптен бері армандадым. Бүгін ауа райы да тамаша. Адамдар да бақытты. Бәрі керемет өтіп жатыр.
Махмад Ашим, турист:
- Қазақстанға келген себебім, Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылған салтанатты шараға қатысу болды. Қазақ елінің мәдениеті маған ерекше ұнады. Ал, Наурыз көженің дәмінен алған әсерімді сөзбен жеткізе алмаймын.
«Астана» алаңында құрылған киіз үйлерде дастархан жайылып, қала қонақтары ұлттық астан дәм татты. Сондай-ақ, қазақи бұйымдар көрмесі ұйымдастырылып, ұлттық ойындар мерекенің сәнін келтірді. Ал, оны тамашалаған көнекөз қариялар шын сүйсініп, ақ батасын берді.
Шенбүбі Арналиева, Қырғызстаннан келген мейман:
- Қазақ елі аман болсын. Жақсылықтар көп болсын.
Қала халқына концерттік бағдарлама ұсынылды. Қала әкімі барша жұртты Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:
- Ұлт мерейін өсіретін әз-Наурыз мерекесі әр отбасына ырыс-ынтымақ, бақ-береке ала келсін. Ұлыс оң, ақ мол болсын, ағайын!
Осылайша, алматылықтар Ұлыстың ұлы күнін көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды. Дүбірлі думан дәл қазір жалғасын табуда. Өздеріңіз көріп тұрғандарыңыздай, «Астана» алаңында аяқ басар бос орын жоқ. Бұл іс-шара кешкі 21:00-де отшашумен аяқталады. Дегенмен де, халықты тосынсый күтіп тұр. Ертең мереке қайта жалғасады. Себебі, халыққа арнайы эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт ұйыдастырылмақ.
Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы