Маңғыстау облысында Амал мерекесі Наурыз мейрамымен жалғасты. Бір-бірімен көрісіп, мәре-сәре болған халық бүгін Ақтаудағы орталық алаңға жиналып, Ұлыстың ұлы күнін тойлады. Мерекелік шараға жергілікті тұрғындармен бірге, өңірге барған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев да қатысты.
Еңсесі биік, іргесі берік елдің ұрпағы Наурыз мерекесін бір кісідей тойлады. Айқара құшақтасып, көңілдерін білдірді. Теңіз жағалауына Маңғыстау тұрғындары түгел жиылған. Бәрінің тілегі - елдің бүтіндігі мен ынтымағы.
Самат Мұсабаев, Ақтау қаласының тұрғыны:
- Ұлыстың ұлы күні мерекесімен құттықтаймын. Туымыз көк аспанда желбірей берсін. Өміріміз жарқыраған Күндей болсын. Осы көпшілікті Маңғыстау құрылысшыларының атынан құттықтаймын.
Әз-Наурыз мейрамында өңірге «Нұр отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев келді. Ол халықтың қуанышына ортақтасып, баршаға ақжарма тілегін жеткізді.
Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:
- Наурыз жылдың басы. Көктем мерекесі. Күн мен түннің теңелер шағы, күллі жаратылыстың басы. Қайта түлейтін, жаңаратын көктем мерекесі. Наурыз мейрамымен партия атынан, өз атымнан құттықтаймын.
Партия төрағасының бірінші орынбасары өңір активімен де кездесіп, Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасын» талқылады. Сондай-ақ, жағдайы төмен отбасының шаңырағына барды. Зағип жандардың жағдайын біліп, Ұлыстың ұлы күнінде отбасына береке тіледі.
Айсара АЙТМАН