Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесі Сыр елінде де өзіндік сән-салтанатпен тойлануда. Біз қазір орталық алаңдамыз. Негізгі мәдени шара осы жерде өтіп жатыр. Жиналған халық көп. Жағалай ақшаңқан киіз үйлер тігілген.
Ол үйлердің әрқайсысының атауы бар. Мәселен, Жетес би ауылы, Жетес бидің 190 жылдығына арналып тігілген. Одан әрі Жанқожа батыр ауылы, Манап Көкенов ауылы деп жалғаса береді. Ал, мынау жерде экспозиция көрме ұйымдастырылған. Ол да әр түрлі тақырыпты қамтиды. Өңірдің жетістігі, жаңалығы мен алдағы жоспарларынан сыр шертеді. Ал, «Домбыра-думан» шарасы мерекенің көрігін қыздырды. Шарада халық жадынан ұмыт бола бастаған күйлер жаңғыртылды.
Бүгін ауа райы да керемет. Сырбойлылықтардың көңілідері көтеріңкі. Күннің ашықтығы да оларды жадырата түскендей. Сондай-ақ, бүгін Наурыз көжені тоя жеу керек. Сондықтан да, жұртшылық оны таласа, тармаса, жарыса ішіп жатыр. Халыққа 20 қазан Наурыз көже дайындалып, дәм тегін ұсынылуда.
Наурызды бірлік пен ынтымақ, сыйластық пен мейірімділік мерекесі деп айтуға болады. Шат-шадыман халық, әуелеген ән мен ырғақты би, Наурыз нақыштары мерекенің маңыздылығын айқындай түседі. Қазір ұлы күнді ұлықтар шаралар өңірдің барлық ауыл-аймағында өтіп жатыр. Ертеңге дейін той-думан толастамайды.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ