Қазақ жеріне көктемгі жаңарудың, ақ пейіл мен татулықтың нышаны саналатын Наурыз мерекесі де келіп жетті. Тек адамзат қана емес, табиғаттың да жасарып, бой түзейтін шағы – Ұлыстың ұлы күнінің баршамыз үшін жолы да, жөні де бөлек. Әсіресе, елорда жұртшылығы ерекше атап өтуде.
«Қазақ елі» алаңына жиналғандарда есеп болмады. Сахнаға шыққан өнерпаздар той бастап, ақ тілектерін ақтарып, жырдан шашу шашты. Мерекелік іс-шараның бір көрінісі қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Алаңдағы халық қазақтың бірнеше спорттық ойынынан сайысқа түсті. Асық ойнауға асыққан адамдардың асықтары алшысынан түсіп жатты. Ал, күш сынасуға жиналған білекті жігіттеріміз болса, мерекеден тамаша көңіл-күймен қайтты.
Құттыбек Сапаров, ОҚО тұрғыны:
- Біз суық болса да Наурыз тойымызды еш жаққа тастамаймыз, тойлаймыз.
Қалдыгүл Сахова, қала тұрғыны:
- Наурыздан Наурызға жете берейік.
Биыл халықтық серуен «ЭКСПО» көрмесі аумағында да ұйымдастырылды. Сонымен қатар, мерекелік шара «Қазақ елі» алаңында да өткізілді. Бұл жерлерде киіз үйлер тігіліп, этноауыл ашылды, жиналған қауымның назарына мерекелік концерт ұсынылды. Театр артистері мен этномәдени бірлестік өкілдері қазақ халқының салт-дәстүрінен сыр шертті. Көпшілік палау, наурыз көже мен бауырсақ қойылған дарстарханнан да дәм татты.
Дәрмен Әкімғалиев, қала тұрғыны:
- Барлығы да жақсы болып жатыр. Наурыз көжеден ауыз тидік. Немерелерімізбен бірге аралап, барлығын көріп, қуаныштымыз. Еліміз осылай бақытта, қуанышта болып, жастарымыздың барлығы амандықта жүрсін.
Жалпы, көктем мерекесіне орай елордада бірқатар мәдени-ойын-сауық бағдарламасы әзірленді. Мәселен, ертең таңғы сағат 10.00-ден кешкі 18.00-ге дейін аталған алаңдарда мереке жалғасын таппақ. Сондай-ақ, Конгресс-орталықта мюзикл көрсетіледі. Бұдан өзге, «Астана» концерт залында «Ауылым - әнім» атты концерт өтеді. Мереке күндері бас қаланың барлық кітапханасында экспозициялар, этнографиялық көрмелер көпшілік назарына ұсынылмақ.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ