Алматыда мектеп оқушылары жаңару күніне мерекелік шара ұйымдастырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда мектеп оқушылары жаңару күніне мерекелік шара ұйымдастырды

21.03.2018

Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамының жас ұрпақ үшін тағылымы мол.

Алматыдағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының оқушылары жаңару күніне мерекелік шара ұйымдастырып, салт-дәстүрімізді терең меңгергенін көрсетті. Әуелетіп ән салып, жақұт жырдан шашу шашты. Талантты жеткіншектер тарихтан сыр шертетін сахналық қойылым қойды. Сондай-ақ, домбыраны серік еткен айтыскер ақындар, қыз-бозбаланың әдемі айтысын ұсынып, келісті қалжыңымен қонақтарға ой салды. Ұлттық құндылықтарды бойына дарытқан балалардың өнеріне ата-аналары дән риза болды.

Ал, қазақтың байырғы құсбегілік өнерін жалғастырушы саятшылар қыранын қолына қондыра келіп, оқушыларға бүркіт бабының қыр-сырын әңгімелеп берді. «Сондықтан, Наурыз - қалада өсіп-өнген балалар үшін көшпенді салттың ерекшелігімен танысатын айырықша күн», - дейді ұстаздар қауымы. 

Роза Ербозымқызы, Абай атындағы республикалық мамандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының директоры:

- Наурыз думан бұл молшылық, тоқшылық дегенді білдіреді. Сондықтан, жылымызды жақсы бастайық, осы мектеп тілімізді тереңдетіп оқытатын болғандықтан, біз барлық қазақтың салт-дәстүрлерін қалт жібермей және балаға тереңірек білім береміз деп есептейміз.  

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу