Наурызға алматылықтар айрықша сый әзірлемек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Наурызға алматылықтар айрықша сый әзірлемек

20.03.2018

Наурыз мейрамының 62 жылдан кейін қайта түлеп, жалпыхалықтық сипат алған жері - Алматы. Сондықтан, мегаполис жұртшылығы жаңару мерекесін жыл сайын сағынышпен қарсы алады. Биыл да алып шаһарда Наурыз тойы жылдағыдан өзгерек болады деп жоспарланып отыр. Себебі, 22-сәуірге дейін бір ай бойы мерекелік шаралар жалғасады. Жалпы саны 150 іс-шара өтпекші. Белгілі кәсіпкерлер мерекенің мәнін ашуға атсалысады. Мәселен, ұлыс күні 25 тонна бауырсақ, 25 тонна наурыз көже және 5 тонна палау дайындалады.

Қалалық әкімдіктің өкілдері ұсынған ұлттық тағамдарды дәріптеу шарасын кәсіпкерлер бірауыздан қолдады. Сондықтан, қазір оған мегаполистегі табиғи таза, әрі сапалы тағам жасайтын мейрамханалардың он саусағынан бал тамған аспаздары тартылды.  

Мұхтар Сыздықов, кәсіпкер:

- Ең басты тағамымыз Наурыз көже. Бауырсақты ыстықтай таратып, 22-наурыз күні келген қонақтарымызға Наурыз көжені тегін ұсынамыз деген ойымыз бар.

Ал, кәсіпкерлердің ісіне қаладағы бірнеше сауда орындарының басшылығы да қолдап отыр. 22-наурыз күні қаланың 46 көпшілік базарында 12 тонна бауырсақ, 8 тонна Наурыз көже және 5 тонна палау халыққа тегін таратылады.

Олжас Сәрсенбаев, Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы:

- Мереке қарсаңында Алматы қаласы Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бастамасымен Астана алаңында және Панфилов-Жібек жолы көшелерінде Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарына тегін бауырсақ, Наурыз көже ұсынатын боламыз.  

Мегаполистегі мерекенің тағы бір жаңалығы бар. Мәселен, әлемдегі ең ұзын құрақ көрпені тігіп, Гиннестің рекордтар кітабына енгізбекші. 25 мың 500 шаршы метрлік құрақ көрпе қыркүйек айында өтетін қала күнінде дайын болады. Оған елдің барлық өңірінен тартылған қолөнер шеберлері атсалысады.

Ғазиза Құдайбергенова, Алматы қаласы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қызметкері:

- Рухани жаңғыру - ұлттық сананың жаңғыруы. Құрақ көрпе бірден-бір қазаққа тән дүние.  

Қолөнер шеберлерінің айтуынша, құрақ көрпе арқылы халықтың тұрмыс-тіршілігі мен табиғаты бейнеленеді. Ал, оны ұлттық ою-өрнектермен безендірмек.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу