Мүмкіндігі шектеулі жандардың сайлау құқықтарының жүзеге асырылуы, бұл саладағы жаңа мүмкіндіктер мен тың тәжірибелер. Бүгін Орталық сайлау комиссиясы мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы бағдарламалар кеңсесі осындай тақырыппен жиын өткізді. Заңнамаға сай мүмкіндігі шектеулі жандар сайлау процесіне кедергісіз қатысуы керек. Орталық сайлау комиссиясы бұл саладағы тың тәжірибелерді зерттеуге және оны қолдануға мүдделі екенін айтты. Жиында мемлекеттік және үкіметтік емес ұйым өкілдері сайлау учаскелері мен ғимараттарды стандарттарға сай етіп жасақтау жолдарын талқылады.
Ляззат Сүлеймен, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:
- Осы уақытқа дейін көбінесе мүмкіндігі шектеулі азаматтар үйде дауыс беруге ыңғайлы болды. Өйткені, сайлау учаскесіне жетудің өзі үлкен проблемаға айналып кететін жағдайлары бар. Ал, елімізде мүгедектерді әлеуметтендіруге байланысты саясат жүріп жатыр. Сондықтан да Орталық сайлау комиссиясы азаматтардың осы категориясының сайлау құқығын жүзеге асыру үшін көптеген жұмыстарға бастамашылық жасап отыр.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ