ОҚО-ғы оқиғаға байланысты жауаптылар қызметінен шеттетілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОҚО-ғы оқиғаға байланысты жауаптылар қызметінен шеттетілді

15.03.2018

Оңтүстік Қазақстан облысында 7 жасар бала жоғары сынып оқушыларынан зорлық көрді деген дауға байланысты жауапты тұлғалар қызметінен босатылды. Қоғамда үлкен резонанс тудырған осы мәселеге байланысты бүгін облыс әкімдігінде арнайы жиын өтіп, оқиғаның себеп-салдары талқыланды.

Абай ауылын абыройсыз еткен тірлік өткен жылдың тамызында болған. Содан бері зорланды делінген бала екі рет медициналық тексеруден өткен. Бірінде ауданда, екіншісінде облыста.  Екі сараптаманың да нәтижесінде баланың зорланғаны  расталмады. Бірақ, енді полицияның бұл іске қатысты әу баста тыңғылықты жұмыс жүргізбегені анықталып отыр.

Қайрат Дәлбеков, облыстық Ішкі істер департаментінің басшысы:

- Ішкі істер бөлімінің қызметкерлері ол бойынша қылмыстық тексеру барысында толық материалды жинамаған. Материалды әжесінің арыз жазбауына байланысты нарядқа списание жасаған. Ауданның бастығы, жергілікті РОВД бастығы ол да материалды толық қарамаған. Соның қолымен нарядқа кеткен.

Осыған байланысты облыстық Ішкі істер департаменті қылмыстық іс қозғады. Тергеу объективті және жан-жақты жүруі үшін  аудандық білім бөлімінің басшысы мен екі мектептің директоры уақытша қызметінен шеттетілді. Облыс әкімінің орынбасарына қатаң ескерту жасалып, аудан әкіміне қатаң сөгіс берілді. Сондай-ақ, екі мектепке бекітілген ювеналды полиция инспекторы қызметімен қош айтысты.

Жансейіт Түймебаев, облыс әкімі:

 - Жағдайды дер кезінде қолға алып, шара қабылдамағаны үшін Сарыағаш ауданы жергілікті полиция қызметінің басшысы Оразалиев Бердалыны жұмыстан босатамын.

Зорланған болуы мүмкін делінген баланың өзі бүгін әжесі және әкесімен бірге Астанаға жол тартты. Психологиялық дайындықтан соң бала арнайы мамандардың қатысуымен кешенді сот-медициналық сараптамадан өтеді. Ал, өңірде мұндай келеңсіздік қайталанбас үшін барлық мектептерде профилактикалық шаралар өткізу кестесі түзілуде. 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу