Бүгін Астана қалалық Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында бұрынғы Ұлттық экономика министріне және осы іске қатысты сотталушыларға үкім оқылды. Оған сәйкес бұрынғы Ұлттық экономика министрі өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқынан айырылып, қылмыстық жолмен тапқан мүлкі толықтай тәркіленетін болды.
Экс-министрге қатысты сот үкімін тыңдауға келгендердің қарасы қалың. 4,5 айға созылған іс жан-жақты сараланып, бүгін судья соңғы үкімді шығарды.
Әділхан Шайхисламов, Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:
- Қуандық Бишімбаев ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 4-тармағы, 28-баптың 3-тармағы, 189-баптың 4-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылсын. Жазасын қылмыстық атқару жүйесіндегі тәртібі қатал мекемеде өтесін. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметте және жарнасы 50%-дан аспайтын мемлекеттік ұйымдарда басшылық ету құқығынан өмір бойына айырылсын.
Тергеу барысында Бишімбаев Қызылордадағы әйнек зауытын салу құқығы үшін кәсіпкерлерден 2 миллион доллар, сондай-ақ, «Байтерек Девелопмент» ісіне қатысты жалпы құны 345 миллион теңге пара алғаны үшін айыпталды. «Ол қаржыға бұрынғы министр Астана шетінен зәулім баспана соққан», - дейді айыптаушы тарап. Алайда, қорғаушылар бұл үкіммен келіспейді.
Назым Бишімбаева, Қуандық Бишімбаевтың жұбайы:
- Сот үкімімен келіспейміз. Ол өте үлкен мерзім. Осы 4,5 ай ішінде біз барлығын көрсеттік. Енді аппеляцияға береміз. Аппеляцияда барлығын жақсылап қарайтынына үміттенемін.
Бишімбаевпен бірге осы іске қатысы бар 22 адамға да үкім шықты. Олардың арасында экс-министрдің туысы Сұлтан Нұрлыбек те бар. Ол 7 жылға кесілді. Сондай-ақ, «Бәйтерек Девелопмент» АҚ басшылық қызметтерінде болған бірқатар азамат 2 жылдан 4 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды.
Елдос САПАРҒАЛИ