ОҚО-да егістіктерге шегірткеге қарсы дәрі себіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОҚО-да егістіктерге шегірткеге қарсы дәрі себіледі

14.03.2018

Оңтүстік Қазақстан облысында биыл да егістікті жайпап, көк өскінді баудай түсіретін шегірткенің шоғыры көп болатын түрі бар. Фитосанитарлық диагоностика және болжам орталығы жүргізген зерттеу нәтижесінде зиянкестердің тұқымы 11 ауданның аумағынан табылып отыр. Осыған байланысты өңірдегі 350 гектар алқапқа химиялық улы дәрілер шашылып, залалсыздандыру шарасы жүргізілмек. Бұл жұмысты арнайы техникасы бар 3 серіктестік атқарады. Одан бөлек, зиянкестерге қарсы күреске 500-ден астам адам жұмылдырылады. Шегірткелер мекен еткен аумақтың жартысы жерүсті агрегатымен өңделсе, тағы 137 мың гектарына әуеден дәрі себіледі. Осы жұмыстарды тыңғылықты атқару үшін облыста шегірткеге қарсы күрес штабы құрылды. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары жетекшілік етеді. 

Нұржан Қашқынов, Ауыл шаруашылығы аумақтық инспекциясының басшысы:

- Қазіргі жағдайда пестицидтер толық сатып алынды. Жеңімпаз болған әлеуетті жеткізушілерді бақылау мақсатында және болжам мекемесінің зерттеу жұмысының сапалы атқарылуына инспекция тарапынан 48 инспектор, 14 автокөлік жұмылдырылып отыр.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу