БҚО-ның Жымпиты ауылында бірнеше отбасы туберкулезге қарсы диспансер ғимаратында тұруға мәжбүр
Батыс Қазақстан облысының Жымпиты ауылында бірнеше отбасы туберкулезге қарсы диспансердің ескі ғимаратында тұрып жатыр. Баспанасыз жүрген жандардың басқа амалы жоқ. Онсыз да тұрмыс тауқыметін тартып отырған жұрт енді өкпе ауруына шалдығамыз ба деп қорқады. Ал, жергілікті билік әлеуметтік жағдайы төмен бұл отбасыларды баспанмен қамту әзірге мүмкін емес деп отыр.
Мөлдір Ғаббасова жеті жылдан бері осы жатақхананы паналап келеді. «Туберкулезге қарсы диспансердің ескі ғимараты екенін білсем де, амалсыздан осында көштім», - дейді ол. Жалғызілікті ана шиеттей балаларының көмегімен қаңыраған бөлмелерді өздерінше жамап-жасқаған.
Мөлдір Ғаббасова, Жымпиты ауылының тұрғыны:
- Тарақан, тарантул, бүйелер де бар. Жылан да жатты балалардың қасында.
Мөлдірден өзге, мұнда тағы 11 жанұя тұрады. Дені көпбалалы отбасылар. Жатақханада тұрғындар үшін жағдай жасалмаған. Едені ылғал, қабырғаларын сыз тартқан.
Азып-тозған ғимаратта ауру жамап аламыз ба деп қорқады жұрт. Себебі, осында тұрып жатқан бірнеше адам бұған дейін туберкулездің ашық түрімен ауырып, емделіп шығыпты. Ал, дәрігерлер болса, «адам төзгісіз мынадай жағдайда кез келген аурудың өршуі ықтимал», дейді.
Нұрлыбек Мұстаев, БҚО Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары:
- Талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, ылғалды бөлмелерде, қараңғы жерде, бөлменің өзінде желдету жүйесі жасалмаған жағдайда туберкулез таяқшалары қозып, адам ауыруы мүмкін.
«Баспана сұрап талай есікті қағып, тауымыз шағылды», - дейді тұрғындар. Жауап біреу - пәтер тиісті кезекпен ғана беріледі.
Төлеген Төреғалиев, Сырым ауданының әкімі:
- Биылғы жылы жатақханаға жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Жобалық-сметалық құжаттамасын дайындаймыз. Қазіргі таңда жоба жасау үшін сол жұмыстарды бастап кеттік.
Демек, тұрғындарға әкімдіктің жөндеу жасап бергенін қанағат тұтуына тура келіп тұр. Өйткені, жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, жұртты ескі ғимараттан көшіруге қаржы жоқ.
Назерке ТОҚЖАН
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы