Ана - алтын қазына - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ана - алтын қазына

09.03.2018

Біз аналардың батырлығы, ерлігі жайлы тарихтан көп білеміз. Бірақ, алтын жүректі аналардың қайсарлығын күнделікті өмірде көре бермейміз. Ал, бауыр еті баласы үшін қандай қиындыққа да мойымайтын ардақты жандардың бәрі - батыр. Алматыда ерекше қажеттілігі бар балалар өздерін күтіп-баптап, мәпелеп өсірген аналарына құрмет көрсетті. Мейірімге толы суреттерден көрме ұйымдастырып, алғыстарын ән-жыр арқылы жеткізді.

Мәдина туғаннан арбаға таңылғанымен, қоғамнан шеттетілген жоқ. Өйткені, анасы Сайлаухан Қарсақбаева қандай қиындық көрсе де, қызын қайсар етіп өсірді. Ана мейірімінен қуат алған Мәдина мүмкіндігім шектеулі деп мойымай, өмірге құштар болып өсті. Білім іздеп, тіпті, Англия мен Америкада оқып келді. Ал, мейрамның қарсаңында өзінің тағдырластарымен бірігіп, анасына ерекше сый жасады.

Көрмеге баласын бақытына балап, оны өнегелі ұрпақ етіп тәрбиелеген 20-дан астам ананың суреттері қойылды. Онда ана мен бала арасындағы сөзбен айтып жеткізе алмайтын, шексіз махаббат көрініс тапқан.

Тағдырдың сынағына мойымай өзгеге өнеге боларлық өмір сүрген аналардың мерекесіне танымал әншілер ән шырқап, шарапатты шараның көркін кіргізді. Ал, мейрамға жиналғандар ауыртпалыққа қарамай, қайсарлық танытқан аналарға алғыс білдірді.

Амангелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу