«Нұр Отан» партиясының өкілдері «Ел аналары» акциясы аясында ақ жаулықты аналарды құттықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Нұр Отан» партиясының өкілдері «Ел аналары» акциясы аясында ақ жаулықты аналарды құттықтады

07.03.2018

Тірліктің қайнар бұлағы, жастықтың мәңгілік алауы, адал махаббаттың жылуы мен шуағы болып жүрген әйел қауымының орны барлық ер азамат үшін ерекше. Жер-дүние жаңарып, оның сәні мен мәнін паш ететін көктемнің алғашқы күндерімен жарыса келетін  8 наурыз Халықаралық әйелдер күнінде барлық нәзік жанды құрметке, махаббатқа лайық. Дегенмен де, ғасырға тең өмір сүрген әжелерімізге деген ықыластың ерекше екендігін «Нұр Отан» партиясы көрсете білді. «Ел аналары» акциясы өтті. Партия өкілдері облыс, аудан, шалғайдағы жерлерге барып, апа-әжелерімізді құттықтады.

Индира Бегайдар,тілші:

- Дана Досболова бір ғасыр жасаған ана. Жасы 103-ке  келсе де әлі сақа. Еңбекке ерте араласып, өмірдің тар жол, тайғақ кешуін көрді, бірақ ол кешегі  кезеңге салауат, бүгінгі  өмірге аманат айтады. Дана Құлмұхамедқызы Транссібір теміржолы магистралінің құрылысына үлес қосқан. Соғыс кезінде де еселі еңбек етті. Адалдықтың асыл нұрындай болған анаға құрмет көрсету үшін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев ақ жаулықты анамыздың үйіне барып, мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. Жалпы, «Нұр Отан» партиясы шапағаты мол шарапатты «Елдің аналары» атты шараны барлық өңір бойынша өткізіп жатыр.

Игілігі мол акция  Алматыда да жалғасты. Мұнда  жасы 100-ден асқан 38 ақ жаулықты ана тұрады. Солардың бірі  - Мария Баранова. Биыл 101 жасқа қадам басқан қарияны «Нұротандықтар» құттықтап, иығына ақ жаулық жапты. Мерекелік сыйлықтар табыстады. Өмір бойы ұстаздық етіп, бала тәрбиесіне еңбек сіңірген, бүгінде немере-шөбере сүйіп отырған бақытты ана.

Мария Баранова, Алматы қаласының тұрғыны:

8-наурыздың қарсаңында барлығына тек қана денсаулық тілеймін. Өйткені, денсаулықты ештеңеге сатып ала алмайсың. Сондықтан, оны көздің қарашығындай сақтай білу қажет. Ал, халықтың денсаулығы жер бетіндегі барлық байлықтан да артық. Сол үшін еліміз аман болсын.

Мереке күні  Рабиға Қоянбаева 103-ке келеді. Қызылорда облысының Жалағаш ауданында дүниеге келген ол  соғыс кезінде тылда  аянбай тер төкті.  Әжеміз сондай-ақ, өмірге 11 бала әкелген алтын құрсақты ана.

Рабиға Қоянбаева, Қызылорда қаласының тұрғыны:

Мейрамнан мейрамға жете беріңдер, өмір  жастарың ұзақ болсын! Тыныштық болсын!

 «Нұр Отан» партиясының Павлодар облысындағы филиалы қызметкерлері ғасырдан аса уақыт жасаған Александра Чиркованы  мерекемен құттықтады. Бұйырса бір айдан соң 102-ге келеді. Қарт ана 16 жасынан еңбекке араласқан. Алтай ормандарында қарағайдың шәйірін жинап, майданға жіберіп отырған. «Бұл өнімді кәдімгі жарылғыш миналар жасауға қолданатынын кейін ғана білдік»,-дейді кейуана. Соғыстан кейін ол майдангерге тұрмысқа шығып,  6 бала тәрбиелеп өсірді.

Александра Чиркова, Павлодар облысының тұрғыны:

- Әйел адамдарға тән жеңіл жұмыста соғысқа дейін ғана болдым. Одан кейінгі еңбек жолым ауыр болды. Елде ер азамат қалған жоқ. Соғысқа кетті. Біз майдан үшін деп жұмыс істедік. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де жұмыс істей бердім. Партия атынан келіп құттықтап жатырсыздар, рахмет.

Атырауда мереке қарсаңында «Нұр Отан» партиясының өкілдері «Ел анасы» шарасы барысында ғасыр жасаған аналарды құттықтады. Оларға партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хаты табысталып, арнайы сыйлықтар сыйланды. Бүгінде аймақта 100 жасаған 10 қария бар. Оның  4-еуі Атырау қаласында тұрады. Солардың бірі - Қабира Қонжанбаева. 102-ші көктемін қуанышпен қарсы алған әжей,  Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде сауыншы болып еңбек еткен.

Осылайша, ғасырға тең өмір сүрген, екі қоғамның жасампазы біздің ардақты әжелеріміз, жоғарыдағы кейіпкерлерімізге «Нұр Отан» партиясы тарапынан бүгін құрмет көрсетілді. Партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев «осы шара арқылы өскелең ұрпақ, жастар бұл кісілерден үлгі алуы тиіс»,- дейді.  Өйткені, олардың өнегелі өмір өрнегі көпке үлгі.

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу