Астанада адасып кеткен бала ата-анасын іздейді. Нұрдәулет Рашидұлы 10 күн бұрын қала көшелерінің бірінде бағытынан жаңылып, үйін таба алмай қалған. Қазір ол кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында. Мамандар осыншама уақыт өтсе де, баланың ата-анасы не бауырлары полицияға іздеу салып, хабарласпағанын айтады. Сондықтан, біздің арнадан көмек сұрады.
Оқиға 21 ақпан күні болған. Адасқан бала осы «Еуразия» сауда орталығының маңында полицейлерге жолығып, бағытынан жаңылғанын айтады. Бірақ, Нұрдәулет осы ғимараттан шықты ма, әлде басқа жерден жүріп келді ме, жалпы, түн ішінде қалайша жалғыз жүргені белгісіз болып отыр.
Кешкі сағат 21:30-да полицейлер оны кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына әкеледі. Жасы шамамен 15-те. Әкесі мен анасының, апасының аты-жөнін біледі. Бірақ, фамилиясын есіне түсіре алмай отыр.
Нұрдәулет Рашидұлы:
- Анам – Жанар, әпкем - Арай, әкем - Рашид. Мен базарға шығып, әпкеме көмектескім келді. Біз тамақ ішетін асханада отырдық. Арай дәретханаға кетті. Сосын асханадағылар «егер ақша төлемесең, мен сені шығарамын» деп, қуып жіберді. Кейін мен далаға шықтым. Полицияны көріп, көмектеседі деп бардым.
Нұрдәулеттің ата-анасы не жақын-жуығы табылғанға дейін осы орталықта болады. Мұндағы мамандар баланың заңды туысы болмағандықтан, іздеу жариялауға өтініш бере алмай отыр.
Айгүл Болатхан, Астана қалалық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының аға тәрбиешісі:
- Бүгінгі күнге дейін ата-анасынан ешқандай хабар жоқ. Ешкім бұл кәмелетке толмаған баланы іздеп келмеді. Жағдайы анықталып, тағдыры шешілгенге дейін 3 ай мерзімде бола алады.
София Қылышбекова, Астана қаласы Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Қазіргі таңда осы баланың кім екені және оның туған-туысқандарын анықтауға бағытталған кешенді іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Сол маңайда орналастырылған бейнебақылау камералары да тексерілуде. Сонымен қатар, еліміздің басқа өңірлеріне де сұрау салынған.
Қазір Нұрдәулет осындағы 10 баламен бірге тұрып жатыр. Мекемені жыл басынан бері 98 жеткіншек мекен еткен. Егер іздеушілері табылмаса, олар жетімдер үйіне жіберіледі.
Егер Нұрдәулетті немесе оның жақындарын танитындар болса, орталықтың және біздің телеарнаның экранда көрсетілген нөмірлеріне хабарласуларын сұраймыз.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ