Ақтөбе алып шаһарға айналады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе алып шаһарға айналады

02.03.2018

Бұл үшін қаланың мүмкіндігі орасан. Осыған сай облыс орталығының алдағы жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму моделі жасалды. Шаһардың жаңа бас жоспары бекіді.

Бүгінде 670 мың халқы бар облыс орталығын мегаполиске айналдыру - алдағы меже. Агломерация аймағына Ақтөбе қаласынан өзге, өңірдің 6 ауданы кіреді. Жоба бойынша жоғары технологиялық салалар, инновация, ғылым, сауда және қызмет көрсету қарқынды дамымақ. Көлік-логистика саласын дамыта түсу - кеңейтілген жоспардың негізгі бағыты.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

- 63 км Ақтөбе автожолдар айналымын (Үлкен Оңтүстік және Батыс) салу, «Қандыағаш — Мақат» учаскесінде «Орталық — Батыс» дәлізін жөндеу, республикалық маңыздағы автожолдар: «Ақтөбе — Атырау — РФ шекарасы (Астраханьға)», «Ақтөбе — Қандыағаш» учаскесінде, «Ақтөбе — РФ шекарасы (Орск)» республикалық маңызды жолдарды реконструкциялау көзделіп отыр.

Бұдан бөлек, облыстық маңызы бар 5 және ауданаралық 20  автожолды да бастан-аяқ жөндеу көзделген. Ал, Ақтөбе және Қандыағаш қалаларында көлік-логистикалық орталықтар құрылысы қарастырылған. Бұдан өзге, көлік ағымын реттеу үшін 8 жол айырығын салу  жоспарланып отыр.

Агломерация облыс орталығының ғана емес, тұтас өңірдің түрленуіне серпін бермек. 70 елді мекен орталықтандырылған су желісіне қосылады. Ауыл-аймақты тегіс газбен қамту көрсеткіші 99 пайызға жетпек. Әлеуметтің өткір тұрған проблемалары да назардан тыс қалмақ емес.

2020 жылға дейін үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесі шешіледі. 2030 жылға қарай білім ошақтарындағы орын саны  58% артады. 2030 жылға қарай тұрғын үй қоры 12 млн-нан 26 млн шаршы метрге дейін артады. Межелі міндетті іске асыру үшін өңірде арнайы жұмыс тобы құрылған.

Нұртас Сейітов, облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

-Негізгі 10 бағыт анықталды. 2020 жылға дейін 45 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарда бар. Өндіріс, ауыл шаруашылығы салаларында жаңа технологияларды енгізу, «ақылды қала» мен медициналық кластерді дамыту. Барлық сала кластерлік негізде дамитын болады.

Астана мен Алматыдан соң Шымкент пен Ақтөбені еліміздің урбанистік ірі орталықтарына айналдыру экономикалық тұрғыдан аса маңызды. Өйткені, бұл халық санының өсімі ғана емес, инвестиция мен ірі өндіріс орындары шоғырланған қуатты стратегиялық аймақтар болуы тиіс.

 

Райгүл ЕНШІБАЙ

Хабарламаларға жазылу