Қостанайда дүкен тонаған қаскөйлер қолға түсті. Олар 27 ақпан күні сағат түнгі 4-тер шамасында қаланың қақ ортасындағы сауда орнына баса-көктеп кіріп, кассадан 200 мың теңгені ұрлап кеткен.Тергеу барысында күдіктілер мұндай әрекетке ішімдік ішіп, ақшалары біткен кезде барғанын айтқан. Олар алдымен дүкеннің кіреберісіндегі банкоматты сындырып ашпақ болған. Алайда, бұл арам ойлары жүзеге аспаған соң, дүкенге шабуыл жасап сатушыны құлатып, күзетшіні кепілге алған. Ақшаны алған бойда тайып тұрған күдіктілер үй-үйдің арасымен бой тасалаған.
Руслан Жұрқабаев, қалалық ІІБ бөлім бастығы:
- Нысандағы бейнебақылау құрылғысына жазылып қалған таспаның арқасында полицейлер келесі күні-ақ 23 және 24 жастағы күдіктілердің тұлғасын анықтады. Қазіргі уақытта үшінші қылмыскерді құрықтау үшін іс-шаралар жүргізілуде.
Данияр СҰЛТАНҰЛЫ