Геннадий Шиповских: Алғыс айту мерекесі жаныма жақын мейрам - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Геннадий Шиповских: Алғыс айту мерекесі жаныма жақын мейрам

01.03.2018

Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповскихтың пікірінше, 2016 жылы Елбасы Жарлығымен бекітілген бұл мереке қысқа ғана уақытта  халықтың ерекше ықыласына ие болды. Кезінде әртүрлі жағдаймен дархан далаға келген жүзден аса этнос өкілдері  бүгін қазақ халқына өз ризалығын білдіруде.

Тағдырдың тәлкегімен қазақ жеріне өткен ғасырдың өзінде жүзден аса этнос өкілдері  жер аударылды. Сол уақытта өздері мұқтаж бола тұра қазақ халқы келгендердің барлығын да саман үйлеріне қабылдап, соңғы түйір нанымен бөліскен. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екі жыл бұрын көктемнің алғашқы мерекесі күнтізбемізге енбес бұрын былай деген еді.

«Бұл мерекені Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнінде - 1 наурызға немесе басқа уақытқа қойса да болады. Бастысы - барлық ұлттың бір-біріне және осы адамдарды қабылдаған, аяушылық білдірген қазақтарға алғыс айту күні деп белгіленсе әділетті болар еді».

Белгілі депутат Геннадий Шиповскихтың ата-бабалары Ресейден елімізге жер аударылып емес, өз еріктерімен келген. Десе де, сол қиын заманда нағыз қазақи ортаға түсіп, олардың бауырмалдығын сезе білген. Ал, «өзімнің бүгінгі жетістігімнің барлығы да дархан мінезді жергілікті тұрғындардың арқасы»,- дейді ол. Орыс отбасында туған Геннадий ата-анасынан ерте айырылған. Жетімін жылатпаған қазақ халқы мұндай қиын кезеңде оны бауырына басып, жылулығын сыйлады.

Геннадий Шиповских, ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты:

- Қазақ елімен байланысым сонау түп-тамырдан жалғасып келеді.  Мен оған өте қатты қуаныштымын.  Менің бүгін осындай керемет ата-анам бар. Жақында ғана қазақ қызымен шаңырақ көтердім. Алдағы уақытта қазақ  халқына барлық еңбегімді арнап, тек жақсылықтар әкелгім келеді.

Қарапайым машинистен Мәжілістің мінберіне дейін көтеріле білген оның еңбек жолы көпке үлгі. «Егер де қазақ отбасының кең құшағы болмағанда, мұндай дәрежеге жете қоймас едім. Сондықтан да, бүгінгі мерекенің мен үшін жөні бөлек»,- дейді ол.

Алғыс айту мейрамы бұл тек ризашылық күні емес, тарихтан сыр шертетін тағылымды мереке. Қазақстандағы  барлық этнос өкілінің өмірлік өз шежіресі бар. Ал, оның әрбір тарауында қазақ  халқының  өлшеусіз рөлі бар екені сөзсіз.

Шерхан ЖАМБЫҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу