«Мың алғыс» қайырымдылық кешінде 3 млн. теңгеге жуық қаражат жиналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Мың алғыс» қайырымдылық кешінде 3 млн. теңгеге жуық қаражат жиналды

28.02.2018

2 сағатта 3 миллион теңгеге жуық қаржы жиналды. Бұл қазақ радиолары өткізген қайырымдылық кешінің нәтижесі. Алғыс айту күніне орайластырылған жобаның арқасында қоғамдағы мұқтаж жандарға жәрдем жасалды.

Арман бір жаста. Сәбидің туғалы көзі көрмейді. Бірақ, емі бар. Балғынның жарық дүниені көруіне ресейлік дәрігерлер септесе алады. Тек, Арманның жанарындағы жарық теңгенің таразысына байланып тұр. Ал, баланың ата-анасында емге берер қомақты қаражат жоқ. Бірақ, жанашыр жандар бұл отбасыны тағдырдың тәлкегіне қалдырмады. Ауқымды «Мың алғыс» атты шара ұйымдастырды. Бұл шараның басты кейіпкері – 1 жастағы Арман.

Ақбаян Сапарбай, «Жан жылуы» бағдарламасының редакторы:

- Кейде айналамыздағы жақсылықтарды байқай бермейміз. Шын мәнінде жүрегі жомарт, жаны жайсаң жандар біздің арамызда көп екен. Көп бола берсе екен дейміз. Бүгінгі кеш соның дәлелі. Алғыс айту күні қарсаңында бүкіл жомарт жандарға, жақсы адамдарға алғыс айтқымыз келді. Мың алғыс сіздерге!

Кешке келгендердің санында есеп болмады. Көрерменнің барлығының ниеті бір. Ол - балақайдың сауығып кетуіне сәл де болсын қолұшын созу.

Олар 22 жыл бір-бірін көрмеді. Ана баласыз, бала анасыз сағыныштың саясында өмір сүрді. Бірақ, сәулелі үміт сөнбеді. Олар күтті, сенді. Енді, міне бүгін сағым сөніп, сағыныш салтанатқа ұласты.

Раиса Лисковская, Алматы облысының тұрғыны:

- Бақыттымын, айтарға сөзім жоқ. Бәріне рахмет айтамын.

«Qazaq radyosу»-ның «Бармысың, бауырым?!» бағдарламасы эфирге былтыр шыға бастады. 5 айдың ішінде 353 адамға іздеу салынып, бүгінде оның 32-сі табылды. Ал, «Жан жылуы» бағдарламасының арқасында 5 бала шетелде ем алып, көпбалалы отбасы баспаналы болды.

2 сағатқа созылған қайырымдылық шарасында жомарт жандар аз болмады. Жүректі азаматтар көмекке зәру отбасына 2 миллион теңге қаржылай көмек көрсететіндерін жеткізді. Сондай-ақ, концерт залында арнайы жәшіктер қойылған еді. Концерт соңында сол жәшікке көрермендерден 690284 теңге қаржы жиналды. Ұлттың үнжариясына айналған Қазақ радиолары осылайша, ата-ана арманын шындыққа айналдыра білді.

                                      

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

 

Хабарламаларға жазылу