Өскемендегі трамвай паркі жұмысын тоқтатты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскемендегі трамвай паркі жұмысын тоқтатты

27.02.2018

Электр энергиясы үшін қарызы қордаланып қалған Өскемендегі трамвай паркі бүгін біржола жұмысын тоқтатты. Жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорынның «Шығыс энергетрейд» компаниясына берешегі 70 миллион теңгеге жеткен. Мекеменің қарызды жабуға шамасы жоқ. Ал, жергілікті билік шаруасы шатқаяқтаған трамвай паркіне инвестор таба алмай отыр.   

40 жылдан бері трамвай тізгіндеген Татьяна Евзресева бүгін бірінші рет жұмысқа шықпады.  Көлік қаңтарулы тұр. Жылдар бойы осы салада тапжылмай еңбек еткен Татьяна бір күнде жұмыссыз қалғанына абыржулы.

Татьяна Евзресева, трамвай жүргізушісі:

- Осы салада 40 жыл еңбек еткенде дәл мұндай сорақылықты көрген емеспін. Трамвайды ешкім қасақана тоқтатқан емес. Соңғы уақытта трамвай паркінің ахуалы төмендеп кетті.

Электр энергиясы үшін белшеден қарызға батқан трамвай паркінің  қазіргі жағдайы шынымен мүшкіл. Парк «Шығыс энергетрейд» мекемесіне 70 млн. теңге қарыз.  Берешек өтелмеген соң, бүгіннен бастап қаладағы трамвай желілері түгел тоқ көзінен ажыратылды.

Айдана Дайырова, тілші:

 - Өскемен трамвай паркінде бір жыл бұрын 60 жүргізуші болса, қазір небәрі 28 жүргізуші ғана. Еңбекақы тұрақсыз. Жүргізушілер қыркүйектің жалақысын енді ғана алған.

 «Шығыс энергетрейд» қарыз қайтарылғанда ғана трамвай паркіне электр энергиясын қосамыз деп тапжылмай отыр. Жағдайды ушықтырмас үшін  қала әкімдігі  жолаушыларды  тасымалдауға қосымша көлік  шығарды. Бірақ, тұралаған кәсіпорынның қызметін қалпына келтіру үшін әзірге инвестор табылмай отыр.

Даниал Ахметов, ШҚО әкімі:

-Трамвай паркі қызмет атқарғалы бері 37 шақырым жолға жөндеу жасалмаған. 22-і шақырымының сапасы мүлде төмен. Трамвай паркін қаржыландыру туралы банк басшыларымен де сөйлестім. Инвесторлармен де келіссөз жүргіздім. Барлығы тозығы жеткен трамвай паркін қаржыландырудан ат тондарын ала қашады.

Ал, трамвай паркінің басшылығы  «бұған дейін әкімдікке сан мәрте бардық, бізге құлақ асқан ешкім болмады»,- дейді.

Анатолий Успенский, «Өскемен трамвай паркі» ЖШС директоры:

- Тіпті, проблемадан шығу жолдарын да көрсеттік. Ол кезде трамвай паркінің қарызы мұндай көп емес еді. Бірақ, тыңдаған ешкім жоқ. Трамвай паркі сатылады деген ол-қауесет.  Біз наурыз айында  түрік компаниясымен келісімшарт жасаймыз. Олар 3 миллион доллар қаржы аудармақ.

Мәселені шешу үшін жергілікті билік Алматыдан  трамвай вагондарын арзан бағаға сатып алды. «Бірақ, ескі вагондарды қалыпқа келтірудің өзі кемінде 200 миллион теңге тұрады»,- дейді парк басшылығы. Түркия компаниясына иек артқан жолаушы тасымалдаушы серіктестік жуық арада мәселе толық шешіледі деп сендірді. 

Айдана ДАЙЫРОВА

Хабарламаларға жазылу