Еріген қар суы мен тасқын судың алдын алу мақсатында Павлодар облысының коммуналдық мекемелері аймақтағы елді мекендерде қар тазалау жұмыстарына кірісті. Арнайы штаб құрылып, жоспары бекітілді. Ал, жергілікті мәслихат депутаттары су тасқыны қаупі бар аймақтарды анықтап, жүргізіліп жатқан жұмыстарды бақылап отыру үшін жеке жұмыс тобын құрды. Қазір өңірде 57 елді мекен – билік назарында. Олардың 41-і ойпатты жерде немесе суға жақын орналасқан. Ал, 16 ауыл Ертіс өзені тасыған кезде зардап шегуі мүмкін. Қазір бөгеттер биіктетіліп, өткелдер тазартылып жатыр.
Қайрат Ертыбаев, Павлодар қалалық Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының басшысы:
- Бұл да әбігерге салатын үлкен мәселе. Себебі, Павлодар қаласы аумағында жерасты сулары өте жақын орналасқан. Яғни, ағын су топыраққа емес, үйлердің жертөлесіне кетуі мүмкін. Сондықтан, тез арада бұрып жіберу немесе арнайы көліктермен құрғатып отыруды ұйымдастырамыз.
Болат АМАНБАЕВ