«ТАПИ» газ құбыры арқылы Қазақстанның көгілдір отыны Пәкістан мен Үндістанға тасымалдануы мүмкін». Энергетика министрінің орынбасары Мағзұм Мырзағалиев осылай дейді. Құны 8 млрд. доллар болатын ауқымды жобаның ашылу салтанаты Түрікменстанда өтті. Шараға газ құбырына қатысы бар елдердің мемлекет және үкімет жетекшілері қатысты.
«ТАПИ» газ құбырының ұзындығы - 1800 шақырым. Түрікмендер жылына 33 млрд. куб көгілдір отынды Пәкістан мен Үндістанға экспорттауды көздеп отыр. Миллардтан астам халықтың энергетикаға деген сұранысы жыл санап артып келеді. Сондықтан, бұл жобаның жемісті боларын сарапшылар әу бастан болжаған. Қазақ елі де «ТАПИ»-ге қосылуы мүмкін. Қазір келіссөздер жүріп жатыр.
Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:
- «ТАПИ» газ құбыры арқылы Қазақстанның газы да Пәкістан мен Үндістанға тасымалдануы мүмкін. Себебі, бұрыннан бар Орта Азия Орталық газ құбыры Түрікменстаннан басталады. Ал, «ТАПИ» осы жерден басталады.
Төрт елдің мемлекет және үкімет басшылары Түрікменстанның Марый бекетіне келді. Ғасыр жобасының ашылуын тарихи сәтке балады. Әсіресе, өзгелермен бейтараптық саясат ұстанатын түрікмендер үшін «ТАПИ»-дің орны бөлек.
Гурбангулы Бердімұхамедов, Түрікменстан Республикасының президенті:
- 2015 жылдың желтоқсан айында жобаның алғашқы кірпіші қаланды. Түрікмен тарапы барлық жұмысты жоспарға сай орындап шықты. «ТАПИ» газы «Галканыш» кен орнынан тасмалданады. Ол көгілдір отын көлемі жөнінен әлемде екінші орынға ие. Бұл жоба тек энергетикалық сұранысты ғана емес, халықтың әлеуметтік жағдайын да жақсартуға сеп болады. Себебі, мыңдаған жұмыс орны ашылды.
Соңғы жылдары Түрікменстанның газ саудасында Ресей мен Иран екінші орынға түсіп, Қытай ең ірі нарық ретінде қарастырылды. Ендігіде «ТАПИ» қосылып, Түрікменстанның ұпайы түгенделе түсті.
Кирилл Молодцов, РФ Энергетика министрінің орынбасары:
- «ТАПИ» газ құбыры Орта Азия елдеріндегі көгілдір отынға деген сұранысты мейлінше азайтуы тиіс. Ресей үшін бұл өте маңызды жоба. «ТАПИ»-мен әріптестік орнатқымыз келеді. Біріккен кәсіпорын құру да жоспарда бар. Жалпы айтқанда, Орта Азия елдерімен, оның ішінде табиғи рестурстарға бай Қазақстан және Түрікменстан үкіметімен тығыз байланыстамыз. Болашақта Каспийде барлау жұмыстарын бірігіп зерттеуді қолға аламыз.
Құны 10 миллиард АҚШ доллары болатын құбыр желісі аймақтағы энергия тапшылығын азайтып, Оңтүстік Азиядағы шиеленісті бәсеңдетпек.
Бұл Ауғанстан мен Түрікменстанның шекарасы. Соғыстан көз ашпаған Ауғанстан енді «ТАПИ» газының транзитінен жылына 200 млн. доллар пайда таппақ. Қорқыныш та жоқ емес. Себебі, тәліптердің бұл жобаға көз тігуі әбден мүмкін. Сондықтан, «ТАПИ»-дің қауіпсіздігіне аса мән беріліп отыр.
Дулат ЖЕКСЕНБАЙҰЛЫ