Шығыс Қазақстан облысындағы Тарбағатай ауданы ауыл шаруашылығы саласына берілетін мемлекеттік субсидияның көлемі бойынша аймақта көш бастап тұр. Қаржылай қолдаудың арқасында мал басын арттырып, еңбектің зейнетін көріп отырғандар жетерлік. Бүгінгі таңда ауданда 600-ден астам мал бордақылау алаңы бар. Ондағы мал басы 10 мыңнан асып жығылады.
Ақсуат ауылының тұрғыны Ерген Бейсенұлы ата кәсіппен айналысқандардың бірі. Өз қаржысына ірі қара сатып алып, бордақылау алаңын тұрғызған. Қазір қорадағы мал басы 50-ге жуық. Ерінбей еңбек еткен жас мемлекеттік бағдарламаның көмегімен олардың санын көбейтуді көздеп отыр.
Ерген Бейсенұлы, Ақсуат ауылының тұрғыны:
- 4-5 ай бордақылаймыз. Болашақта мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, әрі қарай үлкейтеміз бе деген ойымыз бар.
Осыдан 4 жыл бұрын ауданда небәрі 10 мал бордақылау алаңы болған. Қазір төрт түліктің төлін баққандардың саны еселеп артты. Экологиялық таза өнімге сұраныс та жоғары.
Өткен жылы аудандағы шаруалар 1 млрд. 200 млн. теңге субидия алған. Қаржысын тиімді пайдаланғандар мал басын арттырып, қора-жайларын кеңейткен. «Бұл мемлекеттік бағдарламалар туралы түсіндірме жұмыстарының нәтижесі», - дейді аудан атқамінерлері. Субсидияның игілігін көруге тырысқандар кооперативке бірігіп, қолда бар мүмкіндікті еселеуде.
Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады, - дейді аудан басшысы. Себебі, Тарбағатай мал бағуға қолайлы аймақ. Оның үстіне шаруашылықпен айналысып, мал басын асылдандырамын деушілер әлі де бар.
Дарын САҒИТОВ