Тауар Қырғызстанда шығарылған. Мамандар тексерген киімдердің 40 түрінен формальдегидті анықтады. Формальдегид улы газ. Тыныс алу жолдары мен жүйке жүйесін зақымдайды. Көз, тері ауруларына шалдықтырады. Сондықтан, мамандар ата-аналарға иісі өткір киімдерді сатып алмауға кеңес береді. Қырғызстаннан киім-кешек көп тасымалданады, барлығына бірдей тосқауыл қою мүмкін болмай отыр. Былтыр 40-қа жуық кәсіпкерге ескерту жасалып, 2 млн теңгеден астам айыппұл салынды. «Саудагерлер тауардың сапасына мән бермейді», - дейді мамандар.
Юрий Залыгин, облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары:
- Бұл киімдердің барлығы Қырғызстаннан әкелінген. Кәсіпкерлер оларды Алматы, Бішкек қалаларының базарларынан тасиды. Олардың құрамында формальдегидтің мөлшері өте жоғары. Бұл балаларымыздың денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Адамның денесіне біртіндеп сіңіп ауыр дерттерге шалдықтырады.
Осы мәселеге орай бүгін Қырғызстанның Денсаулық сақтау министрі Талантбек Батырәлиев түсініктеме берді. «Бұл жайт назардан тыс қалмайды. Қызметтік тексеру жүргізіледі. Тауар Қырғызстанда шығарылды ма, әлде басқа елден әкелінді ме, бәрін тексереміз. Тауардың біздің елде өндірілгені анықталса, егер технологияны сақтамайтын фабрикалар болса, әрине, жабылуы тиіс».
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ