Басты Жаңалықтар Қостанайда құтқарушылар тасқын судың алдын алуға дайын

Қостанайда құтқарушылар тасқын судың алдын алуға дайын

Көктемгі су тасқынына қарсы шаралар Қостанайда басталып та кетті. Құтқарушылар ағын су басып кетуі мүмкін деген жерлерді аралап, тұрғындарға осы бастан ескерту жасауда. Табиғи апаттың алдын алуға ерте кіріскен өңір атқамінерлері «техника мен құтқару жасақтары тас-түйін отыр», дейді.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Көктемде Қостанайдағы ең қауіпті аумақтардың бірі осы жер. Күн жылынып, қар ери бастағанда Пионерский көшесі тұрғындарының қобалжулары арта түседі. Себебі, су тасқынына тап боламыз ба деген секем бар. Сондықтан, аталмыш көшеде тұратындар жылдағы тіліктерін жасауда. Күн жылымай тұрып, ауланы қардан тазартады.

Бұл көше ойпаң жерде Тобыл өзенінің жағалауында орналасқан. Су арнасынан асқан жағдайда не ауладағы қар ерісе үйлерді су басу қаупі бар. Осыдан бірнеше жыл бұрынғы тасқын Юрий Пермяковтың әлі есінде. Еріген қар суы бар дүние-мүлкін шайып кеткен. Енді жыл сайын алдын ала қамданып, ауласын қардан тазартып тұрады.    

Юрий Пермяков, Қостанай қаласының тұрғыны:

- Тасқыннан сескенетіндей қауіп-қатер жоқ. Бірақ, биыл қатты аяздың салдарынан жер асты суының деңгейі көтеріліп жатыр. Содан күдіктеніп отырмыз.

Құтқарушылар болса тұрғындарға ертеден ескерту жасауға кіріскен.

Нұрлан Бөрібаев, Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы:

- 400-ден астам тұрғын үйді аралап өттік. Адамдармен жеке-жеке сөйлесіп, мән-жайды анықтадық. Қардың аз болғанына қарамастан, су басу қаупі бар деп анықтап отырмыз.

Қазірдің өзінде құтқарушылар қаладағы арық жүйелерін, су жіберетін құбырлар мен сай саланың бәрін қадағалауға алған. Егер тасқын су бой бермесе, 300 адамға есептелген уақытша паналайтын орындар сақадай сай. Одан қалды тасқынмен күресетін 40-тан астам техника және 100-ге жуық адамнан тұратын шұғыл отряд жасақталған.

 

Данияр СҰЛТАНҰЛЫ

Бөлісу