Дана Нұржігіт «Үздік тележүргізуші» атанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дана Нұржігіт «Үздік тележүргізуші» атанды

05.02.2018

Жыл бойы жемісті еңбек етіп, көпшіліктің көңілінен шыға білген азаматтар арнайы сыйлыққа ие болды. Астанада дәстүрлі «Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлығының иегерлері марапатталды. 7-ші мәрте ұйымдастырылған байқауда жеңімпаздар жылдағыдай әлеуметтік желідегі дауыс беру арқылы таңдалған. Ғаламтор қолданушылары жылдың үздік спортшылары деп  былғары қолғап шеберлері Қанат Ислам мен Фируза Шарипованы таныды. Ал, балаларға арналған ән байқауында талантымен талайды таңдай қақтырған Данэлия Төлешова  «Жыл құрметтісі» марапатына ие болды. «Жыл меценаты» аталымында  Кеңес Одағының батыры Сағадат Нұрмағамбетов атындағы қайырымдылық қорының президенті Махмұт Нәлібаев топ жарды. Қор құрылған 5 жылдың ішінде 750 млн. теңгенің патриоттық іс-шаралары жүзеге асты. Оның есебінен ұлан ғайыр жерімізді қорғаған ұлт батырларына ескерткіштер орнатылды. Дәстүрлі өнерімізді дәріптеген халықаралық байқаулар ұйымдастырылды. Ал, ақын Шөмішбай Сариевке  «Алтын дәуір» сыйлығы табысталды. 60 жыл бойы үздіксіз хабар таратып келе жатқан Ұлттық арна үшін де биылғы байқау табысты болды.  Ребрендинг саясатын сәтті өткізген «Қазақстан» телерадиокорпарациясын көпшілік «Жыл жаңалығы» сыйлығына лайық деп баға берген.  Ал, қазақ телевизиясында өзіндік қолтаңбасы бар талантты журналист  Дана Нұржігіт «Үздік тележүргізуші» атанды.

Дана Нұржігіт,  тележүргізуші:

- Бұл мен үшін үлкен мәртебе және үлкен сын. Әр қадамың нақ, нық болу керек. Шалт қимылдауға сенің ешқандай құқығың жоқ. Өйткені, бұл халықтың саған артқан сенімі. Халықтың сүйіктісі болғандықтан, үдесінен шыға білу керек.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу