Таразда жолаушы тасымалдаушылар наразылық білдірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда жолаушы тасымалдаушылар наразылық білдірді

02.02.2018

Тараз қаласында  автобус жүргізушілері наразылық білдіріп, жұмысқа шықпай қойды. Автопарк басшылығының талабымен келіспеген 30-дан астам жүргізуші жолаушы тасымалдаудан бас тартты. Олардың айтуынша,  автопарк қожайыны күндік жоспарды тым жоғарлатып жіберген. Екі жақтың да өз себебі бар.

Жүргізушілерге бекітілген күндік жоспар – 19 мың теңге. «Қақаған қыста мұндай межені орындау қиын»,- дейді көпшілік. Межелі соманы жинай алмағандарға қалған ақша  қарыз ретінде жазылған. Жүргізушілер ең құрғанда  қаңтар айының қарызын жоюды талап етуде.

Ғабит Жапарбеков, жүргізуші:

- 1 рейс жасадық, 1700 теңгемен келдік. Қалтамыздан 300 теңге қосып, кешегі планның 2 мыңын беруіміз керек. Біз қайдан табамыз оны?

Таң сәріден түнге дейін аптасына 6 күн тоқтаусыз көлік айдайтын жүргізушілер жоспардан басқа шығынның да көп екенін айтады. Күнделікті жанармайға – 10 мың теңге төлесе, жолсеріктің еңбекақысы мен тамағы тағы бар. Бірақ, автопаркі басшылығының да айтар өз уәжі бар. Көліктің барлығы дерлік қарызға алынған. Берешектен құтылған соң ғана күндік жоспарды азайтпақ.

Екі жақ сол күй келісімге келе алмады. Дауласқан жұртты басу үшін тәртіп сақшылары  да келген. Наразылық білдірген бір топ жүргізуші мен автопарктің атқарушы директорын тәртіп сақшылары бөлімге алып кетті. Нәтижесінде автопарк басшылығы күндік жоспарды азайтуға уәде етті. Осылайша, тоқтамға келген көлік жүргізушілері бүгін қайта жұмысқа шықты.

Гүлнұр ҚАЙРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу