Түркістанда такси жүргізушісі бойжеткенді 180 мың теңге үшін өлтіріп кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда такси жүргізушісі бойжеткенді 180 мың теңге үшін өлтіріп кеткен

24.01.2018

Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласында такси жүргізушісі 180 мың теңге ақша үшін бойжеткенді айуандықпен өлтірді. Өзінің бұл әрекетін жасыру үшін ол мәйітті шаһармен көрші қонған Достық ауылының маңындағы ну қамыстың ішіне жасырып кеткен. 25 жастағы Әйгерімнің өлі денесін ата-анасы полицияның көмегімен екі аптадан соң тауып алды. Қанды оқиға қаңтардың 6 күні болған. Ата-анасы таңертең жұмысқа бара жатқан Әйгерімге өздерінің банк карточкаларын беріп, жалақыларын әкеп беруді өтінген. Тәртіп сақшыларының болжамы бойынша таксист оның банкоматтан қомақты ақша алып жатқанын байқап қалған. Сөйтіп, әдейі күтіп тұрып, бойжеткенді машинаға отырғызып алған болуы мүмкін. Күдікті қазір абақтыда. Оның көпке бармай қолға түсуіне бойжеткеннің ұялы телефоны себеп болған.  Қаныпезер оны бірден өзге біреуге арзан бағаға сатып жібірген. Алайда, алыс-беріс жасап жатқан кезде оның бет-жүзі телефонның фотоаппаратына түсіп қалған.

Жақсылық Жұмабаев, марқұм болған бойжеткеннің әкесі:

- Қызымыздың мәйітін өзім барып көрдім. Енді аяусыздықпен өлтірген. Адам шошырлық. Бет ауызы танымастай жағдайда. Тек денесінің төмен жағынан танисың, болды.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу