Нью-Йоркте тәртіп сақшысы болып жүрген Димаш Ниязов туған жеріне келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нью-Йоркте тәртіп сақшысы болып жүрген Димаш Ниязов туған жеріне келді

16.01.2018

Нью-Йоркте тәртіп сақшысы болып қызмет атқаратын қазақ жігіті Димаш Ниязов туған жеріне келіп, ағайын-туыспен қауышты. Мұхит асып келген қонақты Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданындағы ауылдастары ерекше құрметпен қарсы алды. Димаш ауыл жастарымен кездесті, әңгіме-дүкен құрды. Сондай-ақ, ол туған жерге сапары кезінде өзінің алғашқы ұстазымен де жүздесті. Балалық шағын сағынышпен еске алған Димаш оңтүстік өңірінің күннен-күнге көркейіп келе жатқанына таңданыс білдірді. «Әсіресе, Шымкент қаласының сәулеті ерекше көз тартады», - деді ол. Димаш полицей қызметін атқара жүріп, бокспен кәсіби шұғылданатын спортшы. Шаршы алаңда оннан астам қарсыласын тізе бүктіріп, әлі күнге өзі бірде-бір рет жеңіліп көрмеген. Кәсіби бокстағы келесі кездесуін Астанада өткізуді жоспарлап жатыр. Димаш бөтен елде жүрсе де, өзінің қазақ екенін мақтан тұтатынын жеткізді. Әрі оны әрдайым құрмет тұтатын жерлестеріне алғыс білдірді. 

Димаш Ниязов, полиция қызметкері:

- Қазақстан - менің Отаным. Ол мен үшін бәрінен қымбат. Бабаларымыздың қанымен келе жатқан жауынгерлік рух, ержүректік қасиет менің де бойымда бар деп есептеймін. Қызметтегі, спорттағы жетістіктерім де әрине, соның арқасы.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу