Астанадағы Агротехникалық университеттің ғалымдары қытайлық әріптестерімен бірігіп, өнімділігі 5 есе жоғары картоп сұрпын ойлап тапты. Оны сынақтан өткізіп те үлгерген. Бұл туралы Елбасының Жолдауы талқыланған жиында университет ректоры Ақылбек Күрішбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, жергілікті картоп тұқымы бір гектардан 30 тонна өнім берсе, жаңа сұрып – 150 тоннаға дейін өнім береді. Қазір аталған оқу орнына қала әкімдігі 10 гектар жер бөліп отыр. Ол аумақта жылыжай мен биотехнологияларға негізделген зертхана салынып, онда дайындалатын картоп тұқымы солтүстіктегі шаруаларға сатылады. Мұның бәрін университет ғалымдары мен студенттері іске асырады. Жолдауда айтылған саладағы еңбек өнімділігін арттыруға Астанадағы Агротехникалық университеттің ұжымы осылай үлес қоспақ.
Ақылбек Күрішбаев, С.Сейфулин атындағы Агротехникалық университетінің ректоры:
- Елбасы алдымызға үлкен мақсат қойып отыр, яғни, елімізге «ақылды» технологияларды алып келу керек. Дәлдік технология - әлемде қолданылатын жаңа технология. Соны Қазақстанға алып келетін болсақ, біздің өнім ең аз дегенде 2 есеге көбейеді. Тыңайытқыштың мөлшері 35-40 пайызға азаяды. Бұл - үлкен пайда. Қазір осыны Целиноград ауданындағы шаруашылықтармен бірге жасап жатырмыз. Кейін оны бүкіл Солтүстік Қазақстанға тарататын боламыз.
Досымжан ЕРМҰРАТ