Қазақ музыкасының қос майталманы ұлықталды
Биыл қазақ музыка өнерінің майталмандары Ермек Серкебаев пен Дәнеш Рақышевтің туғанына – 100 жыл. Бірі қазақ опера өнерінің дамуына үлес қосып, ұлттық вокалды әлемдік деңгейге көтерсе, екіншісі дәстүрлі әншілік өнерді асқақтатып, Жетісу ән мектебінің көрнекті өкіліне айналды. Қос тұлғаның шығармашылық мұрасы бүгін Алматы облысының Бөлек ауылында ұлықталды. Кеште өнер майталмандарының әндері орындалып, өмір жолы дәріптелді.
Бұлбұлдың таңғы жыры мен таудың жаңғырығын махаббат сезімімен астастырған Ермек Серкебаевтың «Сүйем мен» әні кешке көрік берді. Тыңдарманға сырлы саз бен нәзік сезім сыйлаған туынды жүректерге жол тапты. Мерейтойлық кеште қос тұлғаның шығармашылық мұрасы дәріптеліп, өнердегі өнегелі жолы жаңғырды. Бүгінде олардың әндері – халық жадында. Жас әншілер де ұлы өнер иелерінің мұрасын заманауи нақышта орындап жүр.
Алмагүл Қызыр, әнші:
Кез келген мерекелік шарада, той-томалақта қазір сұранысқа өте ие. Сондықтан біз өте қуаныштымыз. Осындай ұлыларымыздың әндері бізге қазіргі таңда сұранысқа ие болып жатқаны, заман талабына сай жаңғырып жатқаны.
Дәнеш Рақышев халық әндерін насихаттап, Жетісу ән мектебінің дәстүрін байытты. Қазақ опера өнерін биіктеткен Ермек Серкебаев ұлттық вокалды классикалық музыкамен ұштастырды. Оның шығармалары ел арасында кең таралып, халықтың сүйікті әндеріне айналған.
Бауыржан Тұрлығазыұлы, Еңбекшіқазақ аудандық Т.Молдағалиев атындағы мәдениет үйінің директоры:
Өнерді жеткізу, болашаққа жеткізу — ол осындай концерттер, осындай кездесулер ұйымдастырылып, жұмыстар жүргізілсе, біздің өнеріміз ешқашан өлмейді.
Мәдени шаралар ұлттық өнерге деген қызығушылықты арттырып, ұрпақ сабақтастығын нығайтады. Өнер иелерінің есімін ұлықтау олардың мұрасын ғана емес, қазақ мәдениетінің байлығын да дәріптейді. Кеш қонақтарының пікірінше, жас буын үшін мұндай кездесулер – рухани тәрбие мен тағылымның маңызды бөлігі. Өйткені, ұлы тұлғалардың өнері уақытпен өлшенбейді, халықпен бірге мәңгі жасайды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы