Шэньчжэньде үш ядролық держава президенттерінің тарихи саммиті аяқталды
Бүгін АҚШ, Қытай және Ресей президенттері тарихта алғаш рет бірлескен келіссөз жүргізді. Ірі ядролық державалардың жетекшілері ортақ мәлімдеме жасады. Саммитті бақылаған халықаралық шолушымыз Арыстан Рысбектен толығырақ білейік.
Арыстан, кездесуде қандай негізгі мәселелер талқыланды?
Арыстан Рысбек:
Иә, Альбина, бірер сағат бұрын ғана АҚШ, Қытай және Ресей президенттері арасындағы үшжақты кездесу аяқталды. Әлемнің ірі ядролық державаларының басшылары Қытайдың оңтүстігіндегі Шэньчжэнь қаласында орналасқан Кайлин вилласында дөңгелек үстел басында келіссөз жүргізді.
Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, АТЭС саммиті аясында өткен тарихи кездесу бір жарым сағатқа созылған. Үш елдің көшбасшысы негізінен ядролық қарусыздану және Ресей мен Украина арасындағы соғысты талқылады.
Келіссөзді Қытай Халық Республикасының төрағасы әлемдегі бейбітшілікті сақтау үшін бірлесіп жұмыс істеу қажеттігі туралы мәлімдемемен бастады.
Си Цзиньпин, ҚХР төрағасы:
Әлем қазір жүз жылда болмаған жедел өзгерістерді бастан кешіріп жатыр. Дүние тыныш деп айта алмаймыз. Ал сын-қатерлер бізден жетекшілік рөлді талап етеді. Ірі әлемдік державалар және Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері ретінде жаһандық мәселелерді бірлесе шешіп, планетамызда бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауда өзгелерге үлгі көрсетуге тиіспіз.
Дональд Трамп пен Владимир Путинге қарағанда, Си Цзиньпин Украина мәселесін мүлде қозғаған жоқ. Дегенмен ол ірі державалар өзара үйлесімде өмір сүргенде ғана әлемде тұрақтылық орнайтынын ерекше атап өтті.
Ал Ресей президенті үш мемлекеттің аймақтық қақтығыстарды, соның ішінде Украинадағы жағдайды реттеуде ортақ мүдделері аз емес екенін мәлімдеді. Құрама Штаттар басшысы да ресейлік әріптесімен Украинадағы ахуалды талқылағанын айтты.
Дональд Трамп, АҚШ Президенті:
Біз әлемнің күн тәртібінде тұрған барлық мәселені талқыладық. Ресей мен Украина арасындағы соғыс туралы да әңгімелестік. Президент Путинмен бұл тақырыпта ұзақ сөйлестік. Меніңше, ілгерілеушілік бар. Ол да, екінші тарап та бұл соғысқа нүкте қойғысы келеді деп үміттенемін.
Түсінікті. Арыстан, ал қорытынды декларацияда не айтылған?
Арыстан Рысбек:
Иә, саммит қарсаңында бірқатар сарапшы үш президенттің Украина, Иран, ядролық қарусыздану және сауда мәселелері бойынша маңызды келісімге келе алмайтынын болжаған еді. Дегенмен келіссөздер мүлде нәтижесіз аяқталды деуге болмайды. Альбина...
Қытай ақпарат құралдары үш елдің ортақ мәлімдемесінің мәтінін жариялады. Төрт тармақтан тұратын декларацияға сәйкес, АҚШ, Қытай және Ресей Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалауға ықпал етуге, әлем игілігі үшін мұнай мен мұнай өнімдерін өндіру көлемін арттыруға және ядролық соғыстың басталуына ешқашан жол бермеуге уағдаласқан.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы