Күркетауық бағып, миллион тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Күркетауық бағып, миллион тапты

11.01.2018

Ерінбегеннің қай кезде де несібесі мол. Оңтүстік Қазақстан облысының Төле би ауданында тұратын Бақыт Кенжебаев күркетауық бағып, содан жыл сайын көл көсір пайда тауып келеді.

Жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітірген азамат бастапқыда жұмыс іздеп, талай кеңсенің табалдырғын тоздырған. Болмаған соң нартәуекел деп осы кәсіпті қолға алған. 25 жастағы жігіттің еңбекқорлығы мен табандылығы жайлы өңірдегі тілшіміз әңгімелейді.

Күркетауықтар Бақыттың әр қимылын қалт жібермейді. Дауысын жазбай таниды. Жемге шақырса, қасына үйіріле қалады. Теріп жеген соң  жайыла бастайды. Көктемде жұмыртқа жарып шыққан балапандар қазір қанаттанып қалған. 

Бақыт Кенжебаев, кәсіпкер:

Қиындығы сол балапан кезі.  Бір айдай жетілдіру қиындық тудырады. Одан кейін оңай. Оңайлығы таңертең ерте 1-2 сағат жайылады. Түс уақытысында демалып, кешке тағы жайылады.

Бақыттың бизнесі алғашында небәрі алты күркетауықтан басталды. Күтімі келіскендіктен екі-үш жылда құстары 200-ге дейін көбейді. Семіргенін шетінен сойып, сатты. Осылайша, Бақыт 20 жасында  миллион теңгеден астам пайда тапты. Көп ұзамай табысы еселеніп, 3,5 миллион теңгеге «Gelandewagen» көлігін сатып алады. Ондағы ойы мақтаныш етіп мініп жүру емес, оны да табыс көзіне айналдыру болды. Көлігімен жас жұбайларды тойдың алдында серуендетіп, бұл кәсіппен де айналысып көрді.

Бақыт Кенжебаев, кәсіпкер:

Екеуінің арасы жер мен көктей. Мына жақта қиналып пайда табасың. Бірақ жемісін көресің. Ана жақта оңай ақша келеді. Бірақ пайдасы жеңіл келіп, жеңіл кеткендей болды.

Бақыт қолы қалт етсе, телефонымен ғаламторды шарлайды.  Бизнесті дамытуға байланысты кеңестерді іздейді. Одан бөлек кәсіпкерлік, мектебіндегі «Бизнес бастауы»  сабағына да  қатысып жүр.

Күркетауық етін үзбей сатып алатын Бақыттың өз тұтынушылары бар. Қаласа көздерінше бауыздап, тазалап береді. Жас кәсіпкер енді іскерлік байланыстардың аясын кеңейтіп, өнімін еліміздің өзге де аймақтарына   саудаламақ ниетте. Ойы жүзеге асса, күркетауықтарын одан әрі көбейтпек. 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу