Шымкент пен Ташкент арасында жолаушылар автобусы жүре бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкент пен Ташкент арасында жолаушылар автобусы жүре бастады

05.01.2018

Қазақ-өзбек қарым-қатынасының нығаюы арқасында енді Шымкент пен Ташкент қаласының арасына жолаушылар автобусы қатынайтын болды. Бүгін екі қаладан да алғашқы рейстер сапарға шықты. Олар шекарадан еш кедергісіз өтіп, жолаушыларды діттеген жеріне жеткізіп салды. Екіжақты келісімге сай, енді көрші елдердің арасына күнделікті осындай 10 автобус әрі-бері қатынайды.

Бүгін алғашқы рейспен Әшірмет қария да Ташкентке жол тартты. Өзбекстандағы қарындасы мен жиендеріне қонақ болып, қал-жағдайларын біліп қайтпақ. Жекжат-жұрағатын іздеп, ай құрғатпай шекара асатын ол «енді жол азабынан құтылатын болдық», деп қуанып отыр. Бұған дейін таксилетіп жүріп шекараға жететін. Кезек күтіп, құжат рәсімдейтін. Өзбек жағына өткен соң көлік іздеп тағы сабылатын.

Әшірмет Махамбетов, Шымкент қаласының тұрғыны, жолаушы:

- Мұның жақсы жері отырған соң еш жерге түспеймін. Автовокзалдан бір-ақ түсеміз.

Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан екі елдің шекарасынан бүгінде Әшірмет қария секілді 20 мың адам әрі-бері өтеді. Бұл тек бір тәуліктегісі ғана. Олар үшін автобуспен жүрудің тағы бір жеңіл тұсы - кедендегі кедергілер азайған.

Ербол Сырғабеков, облыстық Көліктік бақылау инспекциясы бастығының міндетін атқарушы:

- Қазақстан жағынан «Жібек жолы» бекеті бойынша өткізіледі, «көк дәліз» бойынша. Яғни, қысқартылған түрі бойынша ұзын-сонар кезекте тұру керек емес. Екі жақтың келісімі бойынша 15-20 минут кетеді.

Шымкент пен Ташкенттің арасы 145 шақырым. Кедендік рәсімдеуді қоса есептегенде жолға 3 сағат уақыт кетеді. Өзбек жағы мұнан әрі екі ел арасындағы өзге де қалааралық бағыттарды көбейтуге мүдделі.

Шоалим Шовахобов, ӨР Автомобиль және су транспорты агенттігі басшысының орынбасары:

- Республикамызда тарихи орындар өте көп. Самарқан, Бұқара, Хиуа секілді көне шаһарлар бүгінде сауда-саттық пен туризимнің ордасы. Бұл қалаларға да автобус жүргізсек деген жоспар бар. Бұл, әрине, қазақ-өзбек мәдениетімен терең танысуға мүмкіндік береді.

Кестеге сай автобустар әзірге екі қаланың ортасына таңғы сағат 6-дан кешкі 8-ге дейін жүретін болады. Оны жақсарту мақсатындағы ұсыныстар мақұлданса, бұл уақыт тағы екі сағатқа ұзаруы мүмкін.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу