Оңтүстік Қазақстан облысында елімізде алғаш болып дәрігерлерге арналған аллея салынып, оған Қазақ медицинасының атасы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлына ескерткіш орнатылды. Шымкент қаласының орталығынан орын тепкен гүлзар үш бөліктен тұрады. Оның алғашқы бөлігінде дәрігерлердің кәсіби антынан үзінді келтірілген. Ал, кейінгі ескерткіш белгі - өз кәсібіне адалдық танытқан медицина қызметкерлеріне жасалған тағзым орны. Ол науқастарды ажалдан арашалап қалу үшін жанын пида еткен дәрігерлерге арналған. Ал, Өтейбойдақ ескерткіші осы екі алып екі тастың ортасына орнатылды. Осыдан 5 ғасыр бұрын өмір сүрген шипагер қазақ даласында шешек ауруына қарсы ең алғаш екпені ойлап тапқан жан. Сондай-ақ, Жәнібек хан тұсында ұлт саулығы үшін жеті атаға дейін қазақтың бір-біріне үйленбеуін дала заңымен бекіткен ғұлама. Адам бойындағы түрлі ауруларға зерттеу жасап, емдік шөптердің тізбесін жасаған ғалымның бүгінгі ұрпаққа «Шипагерлік баяны» атты еңбегі мұра болып қалып отыр.
Мұқан Егізбаев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Мұның өсіп келе жатқан медицина қызметкерлеріне, жастарға тәрибелік мәні зор деп ойлаймын. Біріншіден, дәрігерлердің ынтымағын көрсетеді. Екіншіден, жас дәрігерлердің ант қабылдайтын орны болады. Үшіншіден, бұрынғы өткен ғұлама дәрігерлерді дәріптеу.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ