Өнім өндірістік шығарылымға дайын. Жоба авторы Павлодардағы Мемлекеттік педагогикалық институттың профессоры. Қазір жоба толығымен коммерцияландырылған. Осыдан бірнеше жыл бұрын қолға алынған жаңалыққа биыл ЭКСПО көрмесі кезінде қытайлықтар қызығушылық танытқан.
Бұл - «Алтын Батыр» алкогольсіз сусын шығару идеясының авторы, ғылым докторы Бибігүл Жұмабекова. Ол он жыл бұрын осы тақырыпта диссертация қорғаған. Содан бері өнімнің технологиясы Павлодардағы педагогикалық институттың биоценология және экологиялық зерттеулер орталығында дайындалды. Табиғи сусынды алу үшін оған өсімдік қоспалары қосылып, өнімнің биологиялық белсенділігі арттырылады.
Бибігүл Жұмабекова, Павлодар Мемлекеттік педагогикалық институтының кафедра меңгерушісі, профессор:
- Шай саңырауқұлағының құрамына қышқыл бактериялар мен ашытқылар кіреді. Яғни, бұл таза табиғи өнім. Барлық сарапатамадан өтті. Тиісті сертификаттар бар. Қазір ірі сауда желісі бар компаниялардың бірімен әріптестік орнаттық. Олар көрші елдерге де тауар сатады. Әсіресе, Қытай, Ресей тарапынан қызығушылық көп.
Өнім алдымен өңірдегі сауда орындарына жіберіледі. Сусынды сатып алуға оннан астам компания ниет білдірген. Жақында «Алтын Батыр» сусынының авторлары оның қант диабетіне шалдыққан адамдарға арналған түрін де шығармақ. Бұл жаңалық биыл ЭКСПО көрмесі кезінде көпшілікке таныстырылды.
Алтынбек Нұхұлы, Павлодар Мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры:
- Ғылым мәселесіне келген кезде ЭКСПО-ның атқаратын рөлі жоғары. Ғылымның жаңа бір түртпегі болды. Ресей, Қытай, Моңғолия елдерінің ғалымдары біздің көрсеткен ғылыми жұмыстарымызға өздерінің қызығушылықтарын білдірген жағдай болды.
Ұстаздар мен студенттердің ғылыми әлеуетін одан әрі арттыру үшін оқу ордасы Тель-Авив университеттері қауымдастығымен әріптестік орнатқан. Оның аясында осы аптада жүлде қоры қомақты стартап байқау ұйымдастырылған.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ
