Ел жаңалықтарына шолу
Астана – Алматы: Stadler вагондары жолға шықты
Бүгіннен бастап Астана мен Алматы арасында Stadler вагондары жолға шықты. Жаңа вагондар Астанада құрастырылған. Жолаушыларға Wi-Fi, USB қуаттау құрылғылары, жеке жарықтандыру мен температураны реттеу мүмкіндігі қарастырылған. Жаңа вагондар қақаған аязда да, аптап ыстықта да, іркіліссіз жүреді дейді мамандар.
Қазақ ғалымы әлемдік сыйлыққа ие болды
Қазақстандық генетик Мақсат Жабағин халықаралық USERN Prize ғылыми сыйлығын иеленген тұңғыш отандасымыз атанды. Ол қазақ халқының шығу тегі мен генетикалық тарихын зерттеп, ата-баба шежіресін ғылыми деректермен сабақтастырып жүр. Ғалымның еңбегі Қазақстан мен Орталық Азия халықтарының тарихи тамырын тереңірек тануға жол ашады.
Астаналық оқушы 800 кітап оқып, жүздей өлең шығарған
Астанада 11-сынып оқушысы үш жылда 800-ден астам кітап оқып, 100-ге жуық өлең жазған. Ыбырай Алтынсарин атындағы №83 мектеп-гимназияның оқушысы Батыр Балтабеков қазақ және әлем әдебиетінің классиктерін сүйіп оқиды. Кітаптан алған әсерін өлеңге айналдырып, шығармашылыққа да ден қойған.
Жетісулық төртемнің әке-шешесіне 3 бөлмелі пәтер сыйлады
Жетісу облысында төртемді дүниеге әкелген отбасыға үш бөлмелі пәтер сыйға тартылды. Бұған қоса, сәбилерді күтуге көмектесетін арнайы көмекші де беріледі. 31 жастағы Альмира Бекеева 24 қыркүйекте Арлан, Арсылан, Әлихан және Әмірхан есімді төрт сәбиді анасы атанды. Кербұлақ ауданының Талдыбұлақ ауылында тұратын отбасында төртемнен бөлек үш баласы бар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы