Басты Жаңалықтар Алматыда Қазақстан халқы Ассамблеясының үшінші халықаралық медиа форумы өтті

Алматыда Қазақстан халқы Ассамблеясының үшінші халықаралық медиа форумы өтті

«Сананың ашықтығы» тақырыбындағы шараға әлемнің әр қиырынан білікті мамандар келді. Мемлекеттің тұтастығы мен ашық қоғам құрудың өзектілігін талқылаған сарапшылардың пікірлерін тілші Нұрлан Асқарұлы тыңдап келді. 

Әлемнің қай жерінде болмасын, қоғамдық пікірді қалыптастыратын тілшілер қауымы. «Сондықтан, журналистердің көзқарасы айқын, білімі терең болуы керек», - дейді сарапшылар. Ал, ашық қоғам құрып, азаматтық белсенділікті арттыруда журналистерге артылатын жүк ауыр.  

Дархан Мыңбай, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары:

- Ұлтаралық, этносаралық мәселелерге объективті және өте мұқият қарап, мұқият жазу, сөздің құдіретін түсіну деген жайттардың барлығы осындай алаңдарда әңгіме болады. 

Жалпы, қазір әлеуметтік желі көпшілікке қолжетімділігімен ақпаратты тарату тұрғысынан өте тиімді. Бірақ, әлеуметтік желіге жазба жариялайтын адамдардың таным деңгейі әртүрлі. Ал, қоғамда адамдардың мәдениеті, білімі, парасаты қатар дамымаса, қиындықтар тууы мүмкін.  

Нұртөре Жүсіп, «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы:

- Әлеуметтік желіде біз тіл тазалығына көбірек мән беруіміз керек. Сауатсыз жазылатын сөздер өте көп кездеседі. Оның барлығы біздің тіліміздің қалыбын бұзады деген алаңдаушылық бар. Ұлттық табиғилығыңды, төлтумалығыңды сақтау, дамыту деген мәселеге келген кезде де жақсы мен жаманның ара жігін айыра білу керек.

Форум барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының журналистер арасында дәстүрлі өткізіп келе жатқан «Шаңырақ» байқауының жеңімпаздары да марапатталды. Тың ізденіс, тағылымды туындыларымен қоғамды тұтастыққа ұйытып, ұлттарды бірлікке шақырған тілшілердің еңбегі бағаланды.   

Меруерт Расулова, «Алтай» телеарнасының редакторы:

- Еңбегімді елеп жатқанына өте қуаныштымын, рахмет айтамын. Жалпы, ұлттар арасындағы достықты насихаттау әрбір журналистің парызы десек болады. Өйткені, ел татулығы, ел бірлігі барлығымызға керек. 

Ақпараттық технологияның көші қазақ қашан келеді деп күтіп тұрмайды. Замана көшінен қалмау үшін тоқтаусыз алға ұмтылу керек. Ал, бұл бағытта әлемдегі озық технологиялы елдердің тәжірибесінің маңызы зор. Сондықтан, аталған форум ұйымдастырушылары болашақта да шетелдік сарапшыларды шақырып, өзекті мәселелер төңірегінде ой бөліспекші.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Бөлісу