Солтүстік Қазақстан облысындағы Асан ауылының тұрғындары суды тасып ішіп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстік Қазақстан облысындағы Асан ауылының тұрғындары суды тасып ішіп отыр

17.11.2017

Ауылды тіршілік нәрімен қамту үшін 2014 жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша бюджеттен қомақты қаражат бөлінген. Тіпті, су сорғы станциясы жөнделіп, әр үй қажет құбырды жалғап та алған. Бірақ, осымен үшінші жыл су жоқ.

Осыдан үш жыл бұрын ауылды сумен қамтуға «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша облыстық бюджеттен 263 млн. теңге бөлінді. Бұл қаражатқа сорғы станциясы жөнделді. Ал, орталық магистральға әр үй иесі қосымша құбырды өзі жалғап алуы тиіс болатын. Сөйтіп, Асан ауылының 406 үйінің 170-сі 30 мыңнан 120 мың теңгеге дейін төлеп, құбыр тартып алды.

Сара Сәрсекеева, ауыл тұрғыны:

- 2014 жылы су тарту үшін 90 мың төледік. Енді флягпен әкелеміз. Көше саз .Әрең жеткізіп әкелеміз. 

Ауылға аптасына бар-жоғы 2-ақ рет әкелінетін судан тұрғындар кемінде 4-5 саба толтырып алуға тырысады. Оның әрқайсысы 20 теңгеден. Қаржы бөлініп, құбыр тартылса да, суды тасып ішуге не себеп?

Бақыт Ілиясов, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:

- 2015 жылдың желтоқсанында Асан селосында сорғы станциясы қолданысқа енгізілді. Алайда, оны суға қоса алмадық. Өйткені, магистралды құбырлар апаттық жағдайда  еді, қажетті қысым болған жоқ. Биыл бұл ақау жөнделді. Қысым қалпына келтіріліп, су қоймасы 300 текше метр сумен толтырылды.

Аудандық әкімдіктегілердің айтуынша, енді ғана құрылыс жұмыстары ойдағыдай аяқталып, жобалық-сметалық құжат талаптары толық орындалған. Осы жолғы уәде бойынша үш жыл күткен тіршілік нәрі үш күннен соң ауылға жетпек.

 

Ә. ОРАЗБАЕВА

Хабарламаларға жазылу