Жамбыл облысының азаматы есірткімен ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысының азаматы есірткімен ұсталды

16.11.2017

Алматыда Жамбыл облысының азаматы үлкен көлемдегі есірткімен ұсталды. Алматы-2 желілік істер бөлімінің қызметкерлері теміржол бекетінің перонына өтіп бара жатқан азаматтың сезікті екенін байқаған. Өзін сезіктендіріп белгі берген азаматтың қылығы полицейлерді дереу іске кірісуге мәжбүр еткен. Қолына екі сөмке ұстаған жолаушыны тексеру кезінде дорбасынан 27 килограм 460 грам есірткі табылды. Яғни, кептірілген марихуана. Оған Қылмыстық кодекстің 496-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, екі айға тергеу абақтысына жабылды. Тергеу барысында есірткі тасымалдаудың мақсаты белгілі болғаннан кейін егер есірткіні сату үшін алып жүргені анықталса, Қылмыстық кодекстің 297-бабына сәйкес 15 жылға сотталады.

Индира Аманғалиқызы, аға тергеуші:

- Қазір күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Қылмыстық кодекстің 296 бабы, 4-бөлімі бойынша аса ірі мөлшердегі есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау бойынша үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу