Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында жанармай құю бекетіне қарақшылық шабуыл жасаған топ құрықталды. Бұл оқиға осы жылдың сәуірінде болған. Бетін тұмшалап алған 4 азамат түн ішінде бекетке баса-көктеп кірген. Олар жанармай құюшы операторды қорқытып, кассадағы 200 мың теңгені алып кеткен. Сол күйі із жасырып үлгерген топтың үш мүшесін араға 6 ай салып Сарыағаш ауданының полицейлері қолға түсірді. Олар 1993 және 1996 жылы туған жергілікті азаматтар болып шықты. Тінту кезінде бірінен атыс қаруының оқ-дәрісі табылған. Ал, топтың төртінші мүшесі сол күйі әлі ұстатпай жүр. Осы оқиғаға байланысты аудандық Ішкі істер басқармасы Қылмыстық кодекстің «тонау» және «қаруды заңсыз алып жүру» баптары бойынша іс қозғады. Сондай-ақ, күдіктілердің өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.
Төлеген Момбеков, Сарығаш ауданы Ішкі істер басқармасының тергеушісі:
- Үшеуі ұсталып, күдікті ретінде танылып, сотқа жолданды. Ал, төртінші азаматқа қатысты қылмыстық іс бөлектеніп, қазір іздестіріліп жатыр.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ