Оңтүстік Қазақстан облысында тұрғындар оңтайландыруға қарсы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстік Қазақстан облысында тұрғындар оңтайландыруға қарсы

18.10.2017

Оңтүстік Қазақстан облысында аудандардағы орталық аурухана мен емхананы біріктіру  ісі жүріп жатыр. Алайда, Мақтаарал ауданы Жетісай қаласының бірқатар тұрғындары бұл жаңашылдыққа наразы. Олардың айуынша, мұндай оңтайландыру медициналық қызмет сапасына кері әсер етеді. Ал, денсаулық сақтау саласының басшылары болса медицина мекемелерін біріктіру арқылы науқастарды емдеу ісін мейлінше жақсартамыз, маман тапшылығы проблемасын шешеміз, - дейді.

Жетісай қаласында 50 мыңға жуық халық тұрады. Енді сырқаттана қалған жұртқа бір ғана емдеу мекемесіне баруға тура келеді. Бұрынғыдай бөлек емхана, өз алдына аурухана жоқ. Екеуі бірікті. Бір мекеме болып қайта жасақталды. Алайда, тұрғындардың біразы бұл істі құп көрмей отыр. Өйткені, дәрігерге қаралу тіптен қиындап кететін болды, -  дейді олар.

Ермаханбет Құлмырзаев, Жетісай қаласының тұрғыны:

- Халық саны көп. Маман тапшы. Маманға келесіз. Оның алдында адам үйіліп тұрады. Топырлап 40 адам келіп тұрса оған қалайша дұрыс диагноз қойылады?

Жетісайдағы орталық аурухана 270 орынға лайықталған. Ал, емхана күніне 500 адамды қабылдайды. Денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, екеуін біріктіру нәтижесінде енді дәрігерлердің саны артады. Ең бастысы, олардың кәсіби білігін  жақсартуға  негіз бар. Бұған дейін емхана дәрігерлері науқастарға тек консультация берумен шектелетін. Енді олар ауруханадағы әріптестерімен бірге операцияға қатысады. Бір-бірімен тәжірибе алмасады. 

Мұқан Егізбаев, Облыстық  денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

 - Мұны қосқаннан ұтатынымыз, бірінші коммуналдық жағынан тиімді. Екінші, дәрігер жетіспеушілігін шешеміз. Үшінші, қаржы үнемделеді. Ауруханаға жату тездетіледі. Мысалы, емханаға барады. Тексеруге ұзақ уақыт кетеді. Одан кейін аурухана қабылдамаймын, дейді. Аурулардың арыз-шағымын көбейтеді.

Облыс бойынша бүгінде 14 аудан, қала бар. Оның үшеуінде, яғни  Арыс, Түркістан және Кентауда ғана аурухана мен емхана өз алдына дербес мекеме болып қалды.  Оның себебі, бұл үш аймақ қала мәртебесіне ие. Ал, аудандық деңгейдегі емдеу орындары облыс әкімінің шешімімен түгелдей біріктірілді. 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу