1800 техника Астананы қардан тазартпақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

1800 техника Астананы қардан тазартпақ

16.10.2017

Астана қысқа дайын. Биыл елорда көшелерін қардан 1800-ден астам техника тазалайды. Қала әкімі Әсет Исекешев бүгін сол техникалардың жай күйін көріп қайтты.

Қаз-қатар тізілген бұл техника қақаған қыста қар тазалауға сақадай сай тұр. Биыл көшелердегі тазалықты қамтамасыз ету үшін 1800 техника жұмылдырылады. Қалыпты жұмыс істеу үшін бұл жеткілікті. Алайда, қажет болса, қосымша техника мен жұмыс күшін тартуға мүмкіндік бар.              

Арман Тұрлыбек, Астана қаласы Сарыарқа ауданының әкімі:

- Қысқа дайындық өте жақсы. Биыл 500-дей адам жұмыс істейді. 400-ге жуық техника және 33 мекеме, қар тазалайтын жеке меншік мекемелер жұмыс істейді.

Қысқа ерте қамданған Әсет Исекешев қаладағы барлық аудандарға барып, техниканың жағдайын өз көзімен көріп қайтты. Биыл жаңадан қосылған көшелерді есепке ала отырып, қаладағы тазалау бағыттарына да өзгеріс енді. Тазалыққа жауапты жеке компаниялар тек қарды тазалап қана қоймай, көктайғақта жолдағы қауіпсіздік үшін құм мен арнайы реагенттердің қажетті көлемін дайындап қойған.

Серік Жолымбеков, «Астана тазалық» ЖШС директорының орынбасары:

- Компанияның жеке меншік 278 техникасы қазір қыстық маусымға дайын. Көк тайғақта жолға шашатын 26 мың куб тұзды қоспамыз да әзірленді. Қалың қар түскен күннің өзінде жоспар бойынша әр ауданға бөлінген техникалар барлығын уақытында тазалауға қауқарлы. 

Техника өте алмайтын аумақта 2800 адам қарды қолмен тазалайды. Жалпы, тұрғындар тарапынан санитарлық тазалау бойынша өтініштер мен шағымдар «109» нөмірі арқылы қабылданады.

 

Елдос САПАРҒАЛИ

Хабарламаларға жазылу