Басты Жаңалықтар Нөсер жауын жұртты әбігерге салды

Нөсер жауын жұртты әбігерге салды

Түркістан облысының Бәйдібек ауданында ауыл тұрғындары қызыл судан зардап шекті. Тұрақты елді мекенінің іргесіндегі арық толассыз жауған жаңбыр суына толып, көшелерді су басты. Қызыл су үйдің аулаларына жайылып, қоралар суға толды. Бастапқыда өз күштерімен  сумен күрескен ауыл тұрғындарына төтенше жағдай мен әкімдік қызметкерлері көмекке келді.

Тұрақты ауылының тұрғындарын әбігерге салған тасқын су Тұтарық каналынан тасыған.  Арнасынан  асқан су орталық көшемен ағып,   жол бойындағы үйлердің ауласына кірген. Жүргілікті тұрғындардың бірі - Гүлнәз Делданова ауласын су басып  қалғанын айтады.   

Гүлназ Делданова, Тұрақты ауылының тұрғыны:

Біз үйден шыға алмай қалдық. Үйде кішкентай балаларым бар. Малдарымызды әрең дегенде алып шықтық сарайдан.

Төтеннен келген тасқыннан абдырап қалған тұрғындар алдымен өз беттерімен күрескен. Кейіннен төтенше жағдай қызметкерлерін шақыртқан. Абырой болғанда адамдар аман. Мал шығыны да жоқ.

Төтенше жағдайдың алдын алу үшін ауылға құтқару қызметі жетті. Арнайы техникалармен су сору, аулалар мен қораларды тазалау жұмыстары жүргізілді.

Данияр Патсаев, Ақбастау ауылдық округінің әкімі:

Төтенше жағдайлар бөлімінен ауылдық округ әкімдіктерінен жалпы 40 қызметкер келіп, арнайы техникамен және 15 мотопомпамен ауласына су кірген үйлерде құтқару жұмыстары жүргізілген болатын. Түнгі уақытқа дейін жұмыстар жүргізілген болатын.

Нөсер жауыннан Шымкент тұрғындары да біршама әбігерге түсті. Қала көшелерін су басып, көлік қозғалысына қиындық туғызған. Қаланың коммуналдық қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеді. 214 адам мен 71 техника көшелерді ретке келтіріп жатыр. Шығын көлемі анықталуда.

Бөлісу